Ливия жағалауында Қазақстан мұнайы тиелген танкерде жарылыс болды

Ливия жағалауындағы теңізде бір миллион баррель мұнай тиелген Vilamoura танкерінде жарылыс болған, деп хабарлады Bloomberg агенттігі.
Жүк кемесінің иесі саналатын грекиялық TMS Tankers компаниясы жарылыс салдарынан танкердің машина бөлімі суға толып кеткенін айтқан. Оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз. Экипаж мүшелерінің ешқайсысы зардап шекпеген, мұнай төгілгені туралы дерек жоқ. Қазір кемені тіркеп алып, келген залал көлемін анықтау үшін Грекияға апара жатыр деп жазды агенттік.
Кеме қозғалысын тіркеп отыратын сервистердің мәліметінше, Vilamoura биыл сәуір айында ресейлік Усть-Луга портына тоқтап, сол жерде қазақстандық мұнайды тиеп алған. Мамыр айында Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының терминалына барған. Танкер Ливиядағы Зейтина портынан Гибралтарды бетке алып жүзіп бара жатқан кезде жарылыс болған.
Теңіздегі қауіп-қатерді бағалаумен айналысатын Vanguard Tech компаниясының деректері бойынша, жыл басынан бері ресейлік порттарға кіріп-шыққан кемелерде осыған ұқсас кемінде төрт оқиға тіркелген. Содан кейін кеме иелері жарылғыш заттар қойылмағанына көз жеткізу үшін танкерлерді тексеретін болған.
Жыл басынан бері осындай оқыс оқиғалардың бірнешесі тіркелген – ақпанда Ливия жағалауында Grace Ferrum танкерінде жарылыс болды, Италияның Савона портында Seajewel танкері екі жарылыстан зақымданды, қаңтарда Жейхан порты маңында Seacharm танкерінде жарылыс болған. Бұл кемелердің бәрі санкцияны айналып өтіп, Ресей мұнайын тасымалдаған деген болжам айтылады.
Сондай-ақ, 9 ақпанда Усть-Лугада портында 130 мың тонна мазут тиелген Koala танкерінің машина бөлімінде жарылыс болған. АҚШ қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл кеме санкциядан жалтарып, Ресей мұнайын тасиды делінетін Кипр компаниясына тиесілі.
Ресейдің "тасадағы флотына" жататын көптеген кемеге АҚШ, Еуропа одағы, Канада және Австралия санкциялар салған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






