Мәжіліс депутаты Роман Склярдың өтірігін шығарды

Тамыз 12, 2025 - 15:43
Тамыз 12, 2025 - 15:44
Мәжіліс депутаты Роман Склярдың өтірігін шығарды
Роман Васильевич Склярдың Үкіметтегі брифинг барысында журналистерге, жаңа Салық кодексіне қатысты айтқан жауабын таңданыспен оқыдық.
“Бұл өзгерістер қарапайым халыққа әсер етпейді” деген сөзі қоғамда теріс пікір тудырады. Себебі нақты жағдай мүлде басқаша.
Склярдың жауабында 2 нұсқа бар:
− Шындыққа жанаспайтын ақпарат айтып отыр, яғни халықты адастырып отыр.
− Заңды толық оқымаған, Салық кодексінің мазмұнын білмейді.
Ал шын мәнінде, бұл өзгерістер құрылыс компанияларына ешқандай зиян келтірмейді. Зардап шегетін – қарапайым халық.
Біріншіден, тұтынушылық шығындар тұрғысынан қарасақ, НДС (қосымша құн салығы) мөлшерінің өсуі тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнын арттырады. Ал бұл өз кезегінде халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне, тұтыну көлемінің қысқаруына әкелуі мүмкін. Керісінше, НДС (қосымша құн салығы) төмендеген жағдайда, бұл бағаның арзандауына, ішкі нарықтағы тұтынуды ынталандыруға жағдай жасар еді.
Құрылыс саласында да дәл осындай әсер болады. Үйдің өзіндік құны өседі, бірақ бұл құрылыс компанияларының пайдасын азайтпайды. Бар ауыртпалық қарапайым азаматтардың иығына түседі. Бұдан әсіресе жастар, жас отбасылар, жалғызбасты аналар және әлеуметтік осал топтар зардап шегеді.
Роман Васильевич Скляр мырза ірі құрылыс компаниялары енді шектен тыс пайда таппайды дейді. Бірақ шындықта олардың салықты тауар бағасына қоса сата беретіні белгілі. Құрылыс компаниялары үшін ештеңе өзгермейді, тек үйдің бағасы қымбаттайды. Бұл - тұтынушы үшін, яғни халық үшін - нақты қиындық.
Қарапайым тілмен мысал келтірейін:
Құрылыс компаниясы 200 пәтерлік тұрғын үй салды делік. Шамамен құны - 5 млрд теңге. Оның 4 миллиарды - материал, транспорт, жұмыс күші, басқа да шығындар, яғни өзіндік құны. Қалған 1 млрд теңге - таза пайда.
Енді осы 1 миллиардтың ішінен 16% НДС (қосымша құн салығы) төлеуге міндетті болады. Бірақ компания бұл салықты өз қалтасынан емес, бұл шығынды пәтер бағасына қосып, тұтынушыға артып қояды.
Нәтижесінде - пәтер бағасы автоматты түрде қымбаттайды.
Тек тұрғын үй емес, құрылыс материалдары, коммуналдық қызметтер, логистика, жұмыс күші - бәрі қымбаттайтыны анық. Соның салдарынан құрылыс компанияларына осы ресурстарды жеткізіп отырған, шағын және орта мекемелерден, олар бас тарта бастайды. Бұл мекемелердің жабылуына, жұмыс орындарының қысқаруына әкеледі, яғни бүкіл құрылыс нарығына кері әсер етеді. (Бұл туралы келесі постта толығырақ жазамын).
Тағы да Скляр мырза, "Бақытты отбасы" бағдарламасы арқылы біз бағаны жобалық-сметалық құжаттамаға сай реттеп отырмыз деген сөзі де сұрақ тудырады. Себебі Заң қабылданды. Енді оны қалай және кім реттейтіні түсініксіз? Бұл жерде Мемлекеттің өзі қабылдаған заңға кейін "реттеп отырамыз " деуі — құқықтық мемлекет ұстанымына қайшы.
Салықты кім төлейтіні емес, оның салмағын кім көтеретіні маңызды. Қазіргі жағдайда бұл салмақты көтеретін - тек қарапайым халық.
Сол себепті, бұл мәселе бойынша шынайы ақпарат пен ашық диалог ауадай қажет деп санаймын. Өйткені шындық айтылмаса, халықтың билікке деген сенімі де әлсірей түседі!
Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаевтың facebook парақшасынан
 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow