«Мбаппені қалай қуып жетесің?»: «Қайрат» бапкері «Реалдан» ірі есеппен жеңілісті түсіндірді

Алматылық “Қайраттың” бас бапкері Рафаэль Уразбахтин командасының Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің алғашқы турларындағы екі жеңілісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Сырт алаңда алматылықтар португалиялық “Спортингке” 1:4 есебімен жол берсе, екінші турда Алматыда мадридтік “Реалға” – 0:5 есебімен ұтылды. Уразбахтиннің айтуынша, бұл нәтижелерді қайғылы жағдай ретінде қабылдаудың қажеті жоқ.
Шындыққа тура қарайық. Олардың құрамы 1 миллиард 400 миллион еуро, ал біздікі 12 миллион. Бір ғана ойыншысы біздің бүкіл чемпионаттан қымбат тұрады. Біздің клубтар топтық кезеңге жиі шығуы керек. Өткен жылы “Астана” “Челсиді” әкелді, біз – “Реалды”. Мүмкін, бұл футболды дамытуға көбірек назар аудартады. Жаңа стадиондар салына ма? Біз қай жерде тұрғанымызды түсінеміз. Сондықтан мен 1:4 “Спортингтен” және 0:5 “Реалдан” алған нәтижені біз үшін соққы деп ойламаймын. Мбаппе немесе Винисиусты қалай қуып жетесің? Тек осындай ойындар арқылы ғана біз өсе аламыз, – деді Уразбахтин.
Сонымен қатар “Қайраттың” бас бапкері Рафаэль Уразбахтин әлемдік футбол жұлдыздарымен кездескен сәттері туралы әсерімен бөлісті.
Мен Килиан Мбаппені бұрын жақыннан көрмеппін. Оны алғаш рет біздің ойында көрдім. Жоғары деңгейлі футболшы, сондықтан да ол сонша қымбат тұрады. Бұдан бөлек, Винисиус, Джуд Беллингем бар. Ол – нағыз машина, біздің Олжас Байбек одан ұшып кетті. Мұндай матчтарда Қасабұлат пен Байбек сияқты ойыншылар өседі. Біз бұдан тек ұтамыз, – деді Уразбахтин.
Айта кетейік, келесі матч 21 қазанда өтеді: алматылықтар өз алаңында кипрлік “Пафоспен” кездессе, 22 қазанда “Реал” өз алаңында италиялық “Ювентусқа” қарсы ойнайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






