«Мәһр имамдар үшін халықтан ақша сорудың тетігі ғана» - белсенді
Мүфтият мәһрді жойған жоқ, жоймайды да. Қайта мәһрді жаңаша тағы бір жарнамалады. Мүфтият имамдары үшін мәһр халықтан ақша сорудың тетігі. Мұндай пікірді Ораз Әлімбек атты Facebook қолданушысы өзінің парақшасында жазды, деп мәлімдеді Sadaq.kz ақпарат порталы.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) «Күйеуі тарапынан берілетін қалың малды қыздың разылығымен мәһрге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады» деп су жаңа пәтуа шығарды. Осыны жұрт «күйеу баланы тақырға отырғызатын, отбасында туындайтын ұрыс-керістің бастауын - мәһрді жойды, оны қалың малға қосып жіберді, Құдайға шүкір...» деп риза болып жатыр. Анау сөйлемнен көрініп тұр ғой, мүфтият мәһрді жойған жоқ, жоймайды да. Қайта мәһрді жаңаша тағы бір жарнамалады. Себебі, мүфтият имамдары үшін мәһр халықтан ақша сорудың тетігі. Өліп кетпесе, одан мүфтият айырылмайды», дейді ол.
Ол мәһр мәселесін түсіндіру үшін Алматыда болған оқиғаны айтып өткен.
«Қызметі жақсы, сәйкесінше табысы мол жалғызбасты мүгедек әйелдің жалғыз ұлы бар. Екеуі де орыстанып кеткен. Әлгі жігіт өзі сияқты метис қызбен көңіл қосып, шешесінің үйінде бір жылдай бірге тұрды. Бала туған жоқ. Мұны жұрт «азаматтық неке» деп жүр. Қыз бен жігіт биыл жазда некелесіп, той жасайық деп шешті. Алдымен екеуі АХАТ-қа (ЗАГС) барып ресми тіркелді. Қызды құрбылары азғырған болуы керек, «енді мұсылманша мешітке барып неке қиыңдар» деп кеңес берген. Мешітке кіре бергенде кезекші имам шариғи неке ресіміне 40 мың төлетіп, содан кейін ғана жас жұбайларды достарымен бірге неке қиғыш имамның алдына өткізген. Неке қию барысында имам қалыңдықтан «Мәһрге не сұрайсың?» дейді. Қылыңдық «машина» деп қылымси қалыпты. Сөйтсе, имам «Машинаның да машинасы болады, 3 мың долларлық, 6 мың долларлық,.. мәһрге алатын машинаның бағасын айт» депті қатқылдана. Қалыңдықтың күткені де осы болса керек, «құны 15 мың долларлық машина» депті. Имам күйеу жігіттен «Осындай мәһр бересің бе?» дегенде, амалы құрыған ол «берем» деген ғой... Мұнда бір қызық жайтты айта кеткен жөн. Жігіттің меншігінде шешесі сатып алып берген жапондық жаңа машинаның нарықтағы құны дәл сол кезде 15 мың доллар еді. Шешесі о бастан машина айдай алмайды, сондықтан көлікті баласына беріп қойған... Келіні сұраған мәһрді есіткен ене бұлқан-талқан болып қатты ашуланыпты...
Міне, көріп отырғанымыздай, мәһр имамдар үшін ақша сорудың таптырмас тетігі. Олар жас жігіттің 40 мың теңгесін қағып алды. Ал сол машина-мәһр үшін отбасында туындайтын ұрыс-керіс имамдарды қызықтырмайды, «есегін» судан өткізіп алған оларға «күл болмаса, бүл болсын». Сондықтан, имамдар ақша сору үшін «беті Құран көрмеген, бұты құман көрмеген» жастарға да шариғи неке рәсімдей береді. Эх, бірі кем қу дүние-ай, деп жазды ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?