«Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасына қалай өтінім беруге болады – Отбасы банк түсіндірді

Наурыз 13, 2025 - 17:40
«Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасына қалай өтінім беруге болады – Отбасы банк түсіндірді
Фото: Pixabay.com

Биыл 17 наурызда «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталады. Бағдарламаны жүзеге асыруға Отбасы банк 72 млрд теңге бөлгелі отыр. Соның арқасында жұмысшы мамандықтардың 2 440 өкілі қолжетімді несие алып, баспаналы бола алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Наурыз жұмыскер» арқасында биыл мыңдаған жұмысшы қолжетімді шарттармен өз үйлерін сатып алуға мүмкіндік алады. «Наурыз жұмыскер» бағыты туралы барынша ақпараттандыру үшін біздің қызметкерлеріміз 232 өнеркәсіп орнына, зауыттар мен өндіріс орындарына барды. Еліміз бойынша тағы 600 компанияға бару жоспарланып отыр. Жұмысшы мамандықтар жылы біз көптеген қоныс тойын күтеміз», - дейді «Отбасы банк» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

Бағдарламаға мына салаларда істейтін қызметкерлер қатыса алады:

  • ауыл, орман және балық шаруашылығы;
  • тау-кен өнеркәсібі және карьер қазу;
  • өңдеу өнеркәсібі;
  • электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтау;
  • сумен жабдықтау; су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою жөніндегі қызмет;
  • құрылыс;
  • тасымалдау және сақтау.

Осы салаларда еңбек ететін қазақстандықтар өтінім беру үшін мына қадамдарды орындайды:

1-қадам. Банктің сайтында Жұмысшы кәсіптерінің тізімі бар. Сол тізімнен өз мамандығыңызды табасыз. Тізімге 8 230 мамандық енген. Тізімді https://hcsbk.kz/to-get-a-loan/nauryz-zhumysker/ сілтемесін басып, жүктеп алуға да болады.

2-қадам. Сосын банк сайтынан жұмыс орнынан алынатын анықтама шаблонын жүктеп алып, жұмыс берушіге бару қажет.

3-қадам. Жұмыс беруші өз ұйымын, компаниясын немесе кәсіпорнын Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ЭҚТЖЖ) тізімінде бар-жоғын тексереді. ЭҚТЖЖ мына сілтеме бойынша жүктеп алуға болады: https://hcsbk.kz/to-get-a-loan/nauryz-zhumysker/.

Егер үміткердің кәсібі жұмысшы мамандықтар тізімінен табылып, ал кәсіпорын қызметінің түрі ЭҚТЖЖ тізімінде болса, онда жұмыс орнынан банктің шаблоны бойынша анықтама аласыз.

4-қадам. Үміткер дайын анықтаманы алып, 17 наурыздан бастап төлем қабілеттілігін растау және кредиттік өтінім беру үшін банктің жақын жердегі бөлімшесіне барады.

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасының шарттары қандай?

Несие мөлшерлемесі халықтың әлеуметтік осал тобы үшін – жылдық 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін). Қалған санаттар үшін –   жылдық 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін).

Бастапқы жарна:

  • жаңа салынған үйдің іші жөнделген пәтерін сатып алса – 10%-дан;
  • ал қара сылақтағы пәтер немесе қолданыстағы тұрғын үй үшін (моноқалалар мен ауылдар) – 20 пайыздан басталады.

Заемның ең жоғары сомасы – өңірлер үшін 30 млн теңге, Астана, Алматы қалалары үшін – 36 млн теңге.

«Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарынан тек жаңа тұрғызылған тұрғын үйден пәтер сатып алуға болады. Оны Баспана маркет порталынан (otbasybank.kz) таңдап, брондап, сатып алу мүмкіндігі бар. Ал қолданыстағы тұрғын үй тек моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде сатылады», - деп ескертті Отбасы банк.

«Наурыз жұмыскер» үміткерлеріне қандай талаптар қойылады?

Үміткерлер өтінім берген кезде мына талаптарға сай болуы керек:

  • Отбасы банкінде депозиті болуы керек. Депозиттің мерзімі маңызды емес, оны өтініш берер алдында да ашуға болады;
  • Отбасы банкіндегі жинақ шотында кемінде 2 млн теңге болуы керек. Ақшаны бағдарламаға өтініш берер алдында бір реттік төлеммен салуға болады;
  • Соңғы 5 жыл ішінде өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің меншігінде баспана болмауы керек. Отбасы мүшелеріне күйеуі, әйелі және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады.
  • Соңғы 6 айда ресми табысы болуы керек. Бұл ретте анықтама берген жұмыс орнынан кемінде соңғы үш айда аударылған міндетті зейнетақы жарналары болуға тиіс.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow