Өлтіріп кетуге тырысқан: Алматыда Азия чемпионынына жасалған шабуылға қатысты тың деректер айтылды
Көлігіне енді міне бергенде, бір топ адам дзюдошыны қоршап алып, жүрегінің тұсына пышақ сұққан.
Дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионы Дамир Исахановтың туыстары спортшы екі жыл бойы өз қаржысын қайтара алмай келетінін айтады. Қарызға берген қомақты қаржысын сұрағаны үшін спортшыға қастандық жасалған көрінеді. Полицейлер қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, Исахановқа пышақ сұққан күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЕ ҮШІН?
КТК телеарнасының мәліметінше, оқыс оқиға осыдан екі апта бұрын тапа-тал түсте болған. Қаладағы мейрамханалардың біріне қарыз алғандармен сөйлесуге барған спортшы әңгіменің ушыққанын біліп, аулаға шыққан. Көлігіне енді міне бергенде, бір топ ер азамат дзюдошыны қоршап алып, жүрегінің тұсына пышақ сұққан. Дәл осы сәтте оқиға орнында Дамирдің енесі де болған.
Ұрыс шамамен 5-10 минутқа созылды. Олар боқауыз сөздер айтып, «өлтіремін» деп, бірнеше рет қорқытқан. Мен жүгіріп келгенде, Дамир қанға боялған күйде субұрқаққа құлап кетіпті. Біз осы күнге дейін тергеушінің жұмыс істеп жатқанын көрмедік. Алғашында «күдіктілер ұсталды» деп айтты. Ал келесі күні бәрі тып-тыныш, - деді Дамир Исахановтың енесі Сәуле Сабырханова.
КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
Мұны тек жеңіл жарақат деп, істі жауып тастаған көрінеді. Дзюдошының жағдайы қазір бір қалыпты. Ота жасатып, күтініп жүр. Ал 300 мың АҚШ долларын спортшыдан қарызға алып, кейін оған пышақ сұққан күдікті ұсталыпты. Полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ
Алмалы ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеу жан-жақты, толық және обьективті қағидатына сәйкес жүзеге асырылуда. Тергеу Алматы полиция департаменті басшылығының бақылауында, - деді Алматы ПД ресми өкілі Салатант Әзірбек.
Екі жылға созылған даудан қарызға алушылар спортшыға үй сыйлап құтылмақшы болған. Алайда оны да босатып бермеді дейді спортшының енесі. Енді «не үйсіз, не ақшасыз қалдым» деген Дамир істің соңына дейін барғалы отыр.
Бұған дейін Алматыда әлдекімдер Азия чемпионын өлтіріп кетуге тырысқанын жазған болатынбыз.
Сіздің реакцияңыз қандай?