Руслан Берденов ауруханадан шығып, қызметіне қайта оралатынын мәлімдеді

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзіне жасалған қарулы шабуылдан кейін ауруханадан шығып, қызметке оралатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды,деп хабарлайды Sadaq.kz.
Шенеунік өзінің жазбасында отандастары мен әріптестеріне, барша қолдау білдірген азаматтарға шексіз ризашылығын білдірді.
«Бұл оқыс оқиға маған да, отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Телефоныма түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі жазбалар көңіліме демеу болды, күш-қуат берді», – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, үш аптаға созылған ауруханадағы емдеу кезеңі аяқталып, күнделікті өмірге оралатын уақыт таяған.
«Міне, 3 аптаға созылған ауруханадағы күндерім аяқталып, өзім де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды. Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді. Осы уақыт ішінде мен еліміздің медицинасы көп ілгерілегеніне, шетелдік клиникалардан еш кем еместігіне көз жеткіздім. Ақ халатты абзал жандарымыздың мейірімі мен кәсібилігі де ризашылығымызға әбден лайық. Баршаңыздың қолдауларыңыз бен жанашырлықтарыңызға шексіз алғысымды айтамын», – деді Берденов.
Еске сала кетейік, 21 сәуір күні сағат 20:30 шамасында Шымкент әкімдігі ғимаратының маңында қала әкімінің орынбасарына қарулы шабуыл жасалды. Руслан Берденов жамбасы мен иығынан оқ жарақатын алып, дереу ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлер оған төрт сағат бойы ота жасаған. Полиция күдіктіні ұстап, «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






