«Салмақ тастап, жаттығуға кірісті»: Головкин соңғы жекпе-жегін өткізбек

Аты аңызға айналған қазақстандық боксшы Геннадий «GGG» Головкиннің (42-2-1, 37 KO) мансабындағы соңғы қарсыласы кім болуы мүмкін екені белгілі болды, деп хабарлайды sadaq.kz.
Жақында 2004 жылғы Олимпиада чемпионы, бұрынғы WBA, WBC және The Ring тұжырымдары бойынша әлем чемпионы америкалық Андре Уорд (32-0, 16 KO) рингке қайта оралатынын хабарлады. Осы жаңалықтан кейін әйгілі Sports Illustrated басылымы оған үш ықтимал қарсылас атады, олардың ішінде алғашқылардың бірі – Қарағанды облысында туған Геннадий Головкин.
Басылымның жазуынша, бұл жекпе-жек бұрыннан жоспарланғандай көрінген. 2015 жылы екі тарап кездесу өткізуге жақын қалғанымен, Roc Nation Sports дерегінше, Головкиннің командасы келісімнен бас тартқан. Себебі сол уақытта қазақстандық боксшының Давид Лемьеге қарсы орта салмақтағы біріктіру айқасы жоспарланып қойған еді.
Сарапшылардың айтуынша, 43 жастағы GGG 2022 жылдан бері рингке шықпаған. Сол жылы ол екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атағы үшін Сауль «Канело» Альвареспен жекпе-жек өткізіп, жеңіліске ұшырады.
"Головкин мансабын Канеломен болған трилогиядағы жеңіліспен аяқтағысы келмейді деп ойлаймыз. Сондықтан ол қоштасу жекпе-жегін өткізуі ықтимал. Ал Уордпен кездесу Тайсон мен Рой Джонстың шайқасын еске түсіретіндей оқиға болар еді", — деп жазады Sports Illustrated.
Сондай-ақ, басылым Уордтың тағы екі ықтимал қарсыласы ретінде 43 жастағы британдық Тони Бельюді (30-3-1, 20 KO) және америкалық блогер-боксшы Джейк Полды (12-1, 7 KO) атады.
Сіздің реакцияңыз қандай?






