Shaiqas-2026 алғашқы ұлттық инженерлік чемпионатының жеңімпаздары анықталды
Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Амандық» полигонында Shaiqas-2026 алғашқы ұлттық инженерлік чемпионаты қорытындыланды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Ауқымды шараға 17 команда қатысты. Олардың қатарында студенттер, инженерлік мектептердің, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және күштік құрылымдар бөлімшелерінің өкілдері бар.
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов чемпионатты ұйымдастыруға атсалысқан Ақмола облысының басшылығына, Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Defence Tech Center инновациялық хабына, отандық Barys Dynamics және Saiman компанияларына, сондай-ақ Әскери колледждің басшылығына алғысын білдірді.
Министрдің айтуынша, чемпионаттың практикалық маңызы – тапсырмалары Қазақстан Қарулы күштерінің нақты қызмет бағыттарын қамтығанында. Атап айтқанда, әуеден барлау жүргізу, жерүсті роботтандырылған кешендерді пайдалану, киберқауіпсіздік, тактикалық және инженерлік даярлық бағыттары бойынша сынақтар ұйымдастырылды.
– Бүгінде ұрыстың нәтижесін сол алаңды кімнің бірінші көретіні, қарсыластың барлауынан өз әрекетін жасыра алатыны, байланысты сақтап, әскерлердің маневрін қамтамасыз етуі айқындайды. Сондықтан заманауи армия жауынгердің әскери даярлығымен ғана емес, оның ұрыс алаңындағы басымдығын қамтамасыз ететін технологиялық шешімдерімен де мықты, – деді Қорғаныс министрі инженерлік бағыттың стратегиялық маңызын атап өтіп.
Чемпионат Shaiqas-2026 қорытындысы бойынша бірінші орынды және чемпион атағын «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығының командасы жеңіп алды. Оның құрамында Қазақ технология және бизнес университетінің «Киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша білім алып жатқан әскери кафедра студенттері өнер көрсетті. Күміс жүлдені ҚР ҚК «Қайсар» командасы (Qaisar VS RK) иеленсе, қола жүлде Saiman командасына бұйырды. Чемпионат жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орын иегеріне – 10 млн теңге, екінші орынға – 5 млн теңге, үшінші орынға – 3 млн теңге табысталды.
«Үздік жерүсті жүйелері» номинациясында Sunqar Engineering Team командасы, «Үздік әуе жүйелері» номинациясында Visvo командасы, ал «Үздік киберқауіпсіздік» номинациясында «Бүркіт» командасы жеңімпаз атанды. Әр номинацияның жеңімпаздары 600 мың теңгеден ақшалай сыйлық алды. Қорғаныс министрі чемпионатқа қатысқан барлық командаларға олардың жарысқа қатысқанын растайтын сертификаттарды табыс етті.
Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, үздік әзірлемелер прототип деңгейінде қалып қоймайды. Олар өнеркәсіптік серіктестермен бірлесіп сынақтан өткізіліп, қажетті сүйемелдеумен қамтамасыз етіледі. Одан әрі әзірлемелерді сериялық өндіріске шығару және Қазақстан Қарулы күштерінің мүддесіне енгізу жоспарланып отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0