«Шайтанның арбауына еріп кеттім»: Айзат Жұманованың күйеуі соңғы сөзін айтты
32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты іс бойынша сотта оның жұбайы, айыпталушы Айбар Жанболат соңғы сөзін сөйледі. Ол өз кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, кешірім сұрады, деп хабарлайды sadaq.kz.
«Баршаңыздан кешірім сұрағым келеді. Жасаған ісімді мойындаймын, мен оны өлтіргім келген жоқ. Бұл абайсызда болды деп есептеймін. Шайтанның азғыруына еріп кеттім деп ойлаймын. Кешірім сұраудан басқа айтарым жоқ. Үкімге де, жазаға да дайынмын, кінәмді толық түсінемін. Алла Тағала бұл ісім үшін мені кешірсін», – деді Жанболат сотта.
Прокуратура Айбар Жанболатты 15 жылға бас бостандығынан айыруды талап етті. Алайда марқұмның анасы Салтанат Жұманова өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын талап етіп отыр.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 22 маусымында Талдықорған қаласында болған. Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылының тумасы Айбар Жанболат мас күйінде өз үйінің ауласында әйелін аяусыз соққыға жыққан. Ол Айзаттың басы мен денесіне қолымен және аяғымен бірнеше рет соққы жасап, оның тоқтауын өтінгеніне қарамастан, әрекетін жалғастырған. Әйел есінен танып, өмірлік маңызды ағзалардың ауыр жарақаттарынан көз жұмған.
Куәгерлердің айтуынша, соққы бірнеше сағатқа созылған. Айыптау тарапы сотта сот-медициналық сараптама қорытындылары мен қылмыстың аса қатыгездікпен жасалғанын дәлелдейтін куәгерлердің айғақтарын ұсынды.
Үкім ертең, 9 қаңтарда жарияланады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0