Шымкент сотының судьясы залдағы журналиске тілін шығарып, ерсі қылық танытқан (ВИДЕО)
Әбинұр Қарабаевқа қатысты Шымкент соты әлі ақпарат бермей отыр

Бұл күндері Шымкент қаласының сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасаған Ернар Жиембайдың соты өтіп жатыр. Осы істі қарап жатқан судья Әбинұр Қарабаев процесті түсіруге келген журналист Ботагөз Омароваға тілін шығарып, ерсі қылық танытқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған таң қалған Омарова судьяның видеосын әлеуметтік желідегі жеке парақшасына салып, оқиғаның қалай болғанын жазған.
«Журналист болғалы, әрине, көп нәрсе көрдім. Бірақ, судьяның тіл шығарғанын бірінші рет көріп отырмын. Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасаған адамның сотында төрағалық етіп отырған судья Әбинұр Қарабаев қараптан-қарап маған тілін шығарды. Шынымды айтсам, абдырап қалдым. Қарабаевқа не болды? Ол бұл әрекетімен не айтқысы келді? Жағдайы дұрыс па өзі, алаңдап отырмын», - деп жазған Ботагөз Омарова.
Сөз арасында әзілге басқан Омарова «бәлкім Қарабаев астаналық журналистерді өмірінде бірінші рет көріп отырған шығар» болмаса «тик-ток трендтен қалмайын деді ме?» әлде «мен керемет әйелмін, сондықтан мені көрген ер адамдар не істерін білмей қалады, Қарабаев та солардың бірі ме!?» деп қалжыңдаған.
Редакция бүгін жұмыс уақыты бастала сала Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметінен судьяның әрекетіне қатысты комментарий сұрады. Бірақ, бірнеше сағат өтсе де Шымкент соты жауап берген жоқ.
Сіздің реакцияңыз қандай?






