«Туған күніне сыйлық»: Астанадағы әуе апатынан қаза тапқан әйел туралы не белгілі

17 тамыз күні Ақмола облысында апатқа ұшыраған жеке ұшақтың бортында 43 жастағы Диана Ахметова болған, деп хабарлайды sadaq.kz.
Ол туған күніне өзі үшін ерекше сыйлық ретінде әуе сапарына шыққан еді. Өкінішке қарай, сол арманын орындамақ болған сапары оның соңғы сапарына айналды. Артында қалғандар Диана Ахметованың артында 3 баласы жетім қалды. Үлкен қызы 19 жаста, ал қос ұлы әлі кәмелетке толмаған – 12 және 14 жаста. Өткен жылы олардың әкесі де өмірден өткен. Осылайша, балалар ата-анасыз қалды.
«Туған күнімде ұшамын деп едім…»
Марқұмның жақындарының айтуынша, Диана туған күнін есте қаларлықтай өткізгісі келіп, жеке ұшақпен ұшуды жоспарлаған. Алғашында ол 16 тамызда – туған күнінде ұшуды көздеген. Бірақ ауа райына байланысты сапар бір күнге кейінге шегерілген.
Құрбысына жазған соңғы хабарламасында ол:
«Кішкентай ұшақ қой. Бірақ қазір жаңбыр басталып кетті. Егер мен жетсем, ал ұшуды тоқтатса, өте өкінішті болады», – деп алаңдаған.
Кейінірек тағы бір хатында:
«Мен негізі кеше ұшайын дегенмін. Туған күнімде болсын дедім. Бірақ кейінге қалды. Мен барып аман-есен қайтсам, кейін сіздерге бәрін жазып, айтып беремін», – деп жазған.
Жаңбырға қарамастан ұшқан
Диананың танысының сөзінше, ол алдын ала әуе компаниясымен сөйлесіп, нұсқаулық алған. Компания өкілдері ауа райы қолайсыз болса, рейсті тоқтататынын немесе басқа күнге ауыстыратынын ескерткен. Алайда 17 тамыз күні сағат 17:00-де Теңкеріс ауылы маңында жаңбыр жауып тұрса да, ұшақ жоспарланған уақытта көкке көтерілген. Сағат 17:38-де ұшақ апатқа ұшырап, Диана Ахметова қаза тапты. «Балалар анамызды іздей бастады» Әуе сапарынан кейін Диана байланысқа шықпаған соң, балалары анасын іздеуге кіріскен. Олар волонтерлердің көмегіне жүгініп, соңғы орналасқан жері ретінде Арайлы ауылы маңы көрсетілген. Сол кезде кешкі жаңалықтардан ұшақтың құлағаны белгілі болды.
«Бірақ полиция туыстарына оның қаза тапқанын тек түн ортасында хабарлады. Сағат 12-де ғана оның ұшақта болғанын білдік», – дейді марқұмның танысы.
Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін әуе сапарын ұйымдастырған poiety_astany компаниясының өкілдері марқұмның отбасына хабарласпаған. Тіпті олардың сөзінше, компания әлеуметтік желідегі ресми парақшасын бірден өшіріп тастаған.
Әлеуметтік желілерде Диананың туған күнінде түскен суреті жарияланды. Онда ол күліп отырып, қолына туған күніне арналған торт ұстаған. Бұл сурет оның соңғы қимастай қалған естелігіне айналды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






