Түркістан облысы – еліміздегі ең танымал туристік өңірлер қатарында
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы туризм саласының маңыздылығына ерекше мән беріп, бұл бағытты дамыту бойынша бірқатар маңызды міндеттер жүктегені белгілі. Президент тапсырмасына сәйкес еліміздің туристік әлеуетін арттыру, ішкі және сыртқы туризмді дамыту, тарихи-мәдени мұраларды кеңінен насихаттау, заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, өңірдің туристік мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар қолға алынған. Тарихы терең, рухани құндылықтарға бай Түркістан бүгінде Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің маңызды туристік орталықтарының біріне айналып келеді.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан ішінде туристер ең көп демалған көшбасшы өңірлердің қатарынан Түркістан облысы да көрінді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті мәлімдеді.
Түркістан облысының туристік әлеуеті ең алдымен оның бай тарихи-мәдени мұрасымен ерекшеленеді. Өңір аумағында ғасырлар қойнауынан сыр шертетін көптеген тарихи орындар мен мәдени ескерткіштер орналасқан. Бүгінде облыста 1792 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекеттік қорғауға алынған.
Олардың қатарында халықаралық деңгейдегі бірегей нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бар. Әлемдік маңызы бар бұл тарихи ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген және түркі халықтарының рухани құндылықтарының символы саналады.
Сонымен қатар облыс аумағында республикалық маңызы бар 41 тарихи-мәдени ескерткіш және жергілікті маңызы бар 403 нысан бар. Бұл нысандардың әрқайсысы еліміздің тарихы мен мәдениетін танытатын құнды мұра ретінде туристердің қызығушылығын арттырып отыр.
Түркістан облысының туристік әлеуетін дамытуда табиғи ресурстардың да орны ерекше. Өңірде табиғаты ерекше қорғалатын төрт аймақ орналасқан. Олар – ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорықтары, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.
Бұл аумақтар табиғи туризмді, экологиялық бағыттарды және белсенді демалыс түрлерін дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Таулы аймақтар, таза ауа, бірегей табиғи ландшафттар, тарихи орындар мен этнотуризм элементтері өңірдің туристік тартымдылығын арттыра түсуде.
Қазіргі таңда облыста туристерге қызмет көрсететін инфрақұрылым да біртіндеп дамып келеді. Өңірде 264 орналастыру орны және 117 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Бұл нысандардың саны жыл сайын артып, туристерге ұсынылатын қызмет сапасын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Туристер саны тұрақты өсуде
Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысындағы орналастыру орындарында демалған туристер саны 347,6 мың адамды құрады. Оның ішінде 325 073 адам – отандық туристер болса, 22 563 адам – шетелдік қонақтар.
Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 14,7 пайызға артқан. Аталған нәтиже өңірдің ішкі туризм бағытындағы әлеуеті күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен бірге тарихи-мәдени нысандарға келушілер саны да айтарлықтай өскен. 2025 жылы тарихи орындарды тамашалаған туристер саны 1 миллион адамға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13 пайыздық өсім көрсеткен.
Табиғи аумақтарға саяхат жасаған туристер саны 151,9 мың адамды құрап, бұл бағытта да 18,1 пайыз өсім байқалған. Бұл экологиялық және табиғи туризмге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады.
2026 жылдың бірінші тоқсанында облыста туризм саласындағы оң динамика жалғасын тапты. Осы кезеңде орналастыру орындарында демалғандар саны 87,1 мың адамға жетті. Оның ішінде 84 931 адам – отандық туристер, 2 148 адам – шетелдік қонақтар.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға жоғары. Ал орналастыру орындарының көрсеткен қызмет көлемі 2,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46,6 пайызға артқан.
2026 жылдың алты айының қорытындысы бойынша тарихи-мәдени орындарға 575 мың адам саяхат жасаса, табиғи аумақтарға келушілер саны 60,1 мың адамға жеткен.
Шетелдік туристер саны артып келеді
Түркістан облысына шетелден келетін туристер саны да жыл сайын өсуде. 2026 жылдың алты айында «е-қонақ» ақпараттық жүйесі арқылы тіркелген шетелдік туристер саны 39 879 адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,87 пайызға жоғары.
Өңірге ең көп келген шетелдік туристер қатарында көршілес Өзбекстан Республикасы көш бастап тұр. Алты ай ішінде Өзбекстаннан 29 761 саяхатшы келген.
Сонымен қатар Қытай Халық Республикасынан – 2 481, Түркиядан – 1 822, Ресей Федерациясынан – 1 338, Қырғызстаннан – 865, Тәжікстаннан – 420 турист келген.
Еуропа және Азия елдерінен де туристік ағын артып келеді. Атап айтқанда, Германиядан – 365, Франциядан – 236, Ұлыбританиядан – 227, Жапониядан 182 саяхатшы Түркістан облысына келген.
Бұл көрсеткіштер Түркістанның халықаралық деңгейдегі туристік бағыт ретінде танылып келе жатқанын көрсетеді.
Инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда
Туризм саласын дамыту үшін өңірде инвестиция тарту жұмыстарына ерекше мән берілуде. 2026 жылдың алты айының қорытындысы бойынша туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 65,1 млрд теңгені құрады.
2025 жылы облыс аумағында жалпы құны 17 млрд теңгені құрайтын 24 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және өңір экономикасының дамуына серпін беруде.
Биыл Кентау қаласына қарасты Хантағы елді мекенінде құны 1 млрд теңгені құрайтын «Khantau» демалыс аймағының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан табиғи ортада демалуға мүмкіндік беретін заманауи туристік орындардың біріне айналады.
Сонымен қатар Түркістан қаласында жалпы аумағы 12 гектарды құрайтын, құны 10 млрд теңгелік ірі аквапарк кешені салынуда. Жаңа нысан қалаға келетін туристердің демалыс мүмкіндігін кеңейтіп, Түркістанның отбасылық туризм орталығы ретіндегі әлеуетін арттырады.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында Күлтөбе қалашығын абаттандыру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл тарихи нысанды туристік маршруттарға енгізу арқылы келушілер санын арттыру көзделген.
Сондай-ақ қалада «Yassy Hall Apartments» қонақ үй кешені салынып жатыр. Бұл жоба туристерге сапалы қызмет көрсететін жаңа орналастыру орындарының қатарын толықтырады.
Туристік инфрақұрылым жаңғыртылуда
Туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жол, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жүргізілуде.
2026 жылы туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу бойынша жалпы құны 5,1 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жұмыстар шалғай орналасқан көрікті жерлерге қолжетімділікті арттырып, туристік бағыттарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Өңірде емдік-сауықтыру туризмі де қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда облыс аумағында 117 емдік-сауықтыру орны жұмыс істейді.
2025 жылы жалпы құны 850 млн теңгені құрайтын 3 жаңа емдік-сауықтыру ұйымы іске қосылды. Ал 2026 жылы құны 2,5 млрд теңге болатын 5 емдеу-сауықтыру нысанының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Бұл бағыт Түркістан облысының табиғи емдік ресурстарын тиімді пайдалануға, денсаулық туризмін дамытуға және жаңа туристік өнімдер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Экологиялық туризмнің мүмкіндігі кеңеюде
Соңғы жылдары облыста экологиялық туризм бағытына ерекше назар аударылуда. Табиғи аумақтарға қызығушылық танытатын туристер саны жыл сайын артып келеді.
2026 жылдың бірінші тоқсанында табиғи орындарға келген туристер саны 60,1 мың адамға жетті.
Облыс аумағында және оған іргелес Төлеби, Түлкібас аудандарында туристерге қызмет көрсететін 99 демалыс орны, 62 қонақ үй, 12 шипажай, 6 киіз үй және 1 аңшылар үйі орналасқан.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында Түркістан қаласындағы Қарашық өзенінің бойында 50 гектар аумақты қамтитын «Түркістан» экобағы ашылды.
Бұл жоба қаланың экологиялық мәдениетін арттырумен қатар, тұрғындар мен туристер үшін жаңа демалыс орнын қалыптастыруға бағытталған.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Тарихи мұраларды сақтау, табиғи аймақтарды тиімді пайдалану, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру арқылы өңірдің туристік әлеуеті жылдан-жылға артып келеді.
Түркістан бүгінде тек рухани орталық қана емес, сонымен бірге халықаралық деңгейдегі тартымды туристік бағытқа айналып келеді. Алдағы уақытта да бұл салаға инвестиция тарту, жаңа туристік өнімдер әзірлеу және қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы өңірдің туризмдегі орны одан әрі нығая түседі.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0