Түркістанда «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында Қожа Ахмет Ясауи мұрасының түркі халықтары үшін маңыздылығына ерекше тоқталып, ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеу, насихаттау және кейінгі ұрпаққа жеткізу қажеттігін атап өткен болатын, деп хабарлайды Sadaq.kz.
«Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосты. Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Осы орайда ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды», – деген Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Түркістан қаласында маңызды рухани-ғылыми шара ұйымдастырылды.
Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті. Ауқымды жиынды Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастырды.
Конференцияның басты мақсаты – ұлы ойшыл, сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолын, ғылыми және рухани мұрасын терең зерделеу, оның адамгершілікке, имандылыққа, әділеттілікке негізделген ілімін қазіргі қоғамда кеңінен насихаттау және жастар тәрбиесінде тиімді пайдалану.
Маңызды басқосуға еліміздің әр өңірінен мемлекеттік органдардың өкілдері, дінтанушы және тарихшы ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, зиялы қауым мүшелері, руханият саласының мамандары қатысты. Конференция барысында Қожа Ахмет Ясауидің түркі өркениетіндегі орны, оның діни-философиялық көзқарастары, «Диуани хикмет» еңбегінің тарихи маңызы және қазіргі кезеңдегі рухани құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі кеңінен талқыланды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров конференция жұмысына арнайы қатысып, Түркістан мен Қожа Ахмет Ясауи есімдері тарихи тұрғыдан ажырамас ұғым екенін атап өтті.
– Түркістан – күллі түркі әлемінің рухани астанасы. Ұлы Жібек жолының бойындағы бұл қасиетті мекен – ұлттық жадымыздың ордасы. Осындай киелі топырақта Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ізі қалғаны – біз үшін үлкен мақтаныш.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ойшылдарымыз бен ғалымдарымыздың мұрасын терең зерттеу қажеттігін үнемі айтып келеді. Президентіміз Ясауи, Әл-Фараби және Абай ілімдерін жан-жақты зерделеп, халық арасында кеңінен дәріптеудің маңыздылығына ерекше назар аударды.
Биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында «Қожа Ахмет Ясауи», «Мейірім», «Әл-Фараби» ордендерін табыстау туралы шешім қабылдануы – тарихи тұлғаларымыздың рухани мұрасын ұлықтаудың айқын көрінісі, – деді облыс әкімі.
Нұралхан Көшеров өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауидің түркі халықтарының рухани өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.
– Қожа Ахмет Ясауи бабамыз – түркі дүниесінің кемеңгер тұлғасы. Оның даналыққа толы хикметтері ғасырлар бойы халықтың рухани бағдаршамына айналып келеді. «Диуани хикмет» еңбегі – адамды ізгілікке, адалдыққа, әділдікке және имандылыққа тәрбиелейтін терең философиялық туынды.
Ясауи мұрасы тек діни іліммен ғана шектелмейді. Оның шығармалары түркі халықтарының әдебиеті, мәдениеті, дүниетанымы мен қоғамдық ойының дамуына зор ықпал етті. Ұлы бабамыздың ілімі – бірлікке, татулыққа, адамзаттық құндылықтарды құрметтеуге үндейтін мәңгілік рухани қазына.
Бүгінгі конференция ұлы ойшылдың идеяларын қазіргі қоғаммен сабақтастыруға, ғылыми тұжырымдар арқылы жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне үлес қосуға мүмкіндік береді деп сенемін, – деді әкім.
Сондай-ақ облыс әкімі Түркістанның тарихи маңызына тоқталып, қаланың қазақ халқының рухани және саяси өміріндегі ерекше орнын атап өтті.
– Түркістан – ұлт бірлігі қалыптасқан қасиетті мекен. Бұл жерде қазақтың хандары мен билері, батырлары мәңгілік тыныс тапқан. Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер осы жерде қабылданған. Бүгінде біз осы тарихи және рухани сабақтастықты сақтай отырып, Түркістанның туристік және рухани әлеуетін дамыту бағытында жұмыстар атқарып келеміз.
Облыста тарихи мұраларды жаңғырту, мәдени туризмді дамыту, рухани нысандарды сақтау бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Бұл ретте Қожа Ахмет Ясауи ілімін зерттеу және оны жастар арасында кеңінен насихаттау – уақыт талабы. Себебі жаһандану дәуірінде ұлттық руханиятты сақтау мен дамыту – ел болашағының кепілі, – деді Нұралхан Көшеров.
Конференция барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы сөз сөйлеп, қазақ қоғамындағы рухани тұрақтылықты қамтамасыз етуде дәстүрлі ислам құндылықтарының маңыздылығына тоқталды.
Бас мүфти өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауидің халық санасына, ұлттық дүниетанымға және рухани мәдениетке қосқан үлесінің орасан зор екенін атап өтіп, Ясауи ілімінің қазіргі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтпағанын айтты. Оның пікірінше, ұлы ғұламаның мұрасы жастарды отансүйгіштікке, ізгілікке және адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Конференцияда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай «Иасауи тұлғасы және тарихи мәні» тақырыбында баяндама жасап, ғұламаның өмірі мен шығармашылық жолына, оның түркі әлеміндегі рухани ықпалына кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, қауымдастырылған профессор Төрәлі Қыдыр «ТәжҰҒА Шығыс қолжазбалар қорындағы «Диуани хикметке» қатысты қолжазбаларды кодикология-мәтінтанулық тұрғыдан зерттеу нәтижелері» тақырыбында баяндама жасап, Ясауи еңбектерінің ғылыми айналымға енуі жөнінде тың деректер ұсынды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Өңірлік жұмыс және ішкі үйлестіру басқармасының басшысы Айбар Әбілов өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – ұлттың рухани байлығы екенін атап өтті. Ол ғұлама еңбектерін зерттеу мен дәріптеудің мемлекеттік маңызы бар бағыттардың бірі екенін жеткізді.
Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты «Түркология» ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD доктор, доцент Халил Четин «Ахмет Ясауи дүниетанымындағы ұлттық және рухани құндылықтарды сақтау» тақырыбында баяндама жасап, Ясауи философиясындағы адам, қоғам және руханият мәселелерін талдады.
ХҚТУ-дың «Теология» факультетінің доценті, PhD докторы Мұхит Төлеген «Қожа Ахмет Ясауидің рухани ілімі мен мұраларын оқыту мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, ұлы ойшылдың еңбектерін білім беру жүйесіне енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Жиын барысында қатысушылар Ясауи мұрасын зерттеу бағытындағы ғылыми жұмыстарды жетілдіру, оның шығармаларын жастар арасында кеңінен насихаттау, білім беру саласында тиімді пайдалану жөнінде бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жаңа қырынан тануға, оның рухани құндылықтарын қазіргі қоғаммен байланыстыра отырып дамытуға мүмкіндік береді.
Қожа Ахмет Ясауи ілімі – ғасырлар бойы маңызын жоғалтпаған, адамзатты ізгілікке, білімге, бірлікке және рухани кемелдікке шақыратын құнды мұра. Ұлы бабамыздың еңбектерін зерттеу мен насихаттау – ұлттық руханиятты нығайтуға, тарихи сананы қалыптастыруға және келешек ұрпаққа өнегелі жол көрсетуге бағытталған маңызды міндеттердің бірі.
Түркістан төрінде өткен бұл конференция Қожа Ахмет Ясауи мұрасын әлемдік деңгейде танытуға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және рухани сабақтастықты жалғастыруға арналған маңызды қадам болды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0