Түркістанда республикалық «Ясауитану – 2026» байқауы басталды

Сәуір 24, 2026 - 16:11
app_badging Тамыз 5, 2026 - 20:12
chat_bubble  0 visibility  1
Түркістанда республикалық «Ясауитану – 2026» байқауы басталды
Фото: Түркістан облыстық әкімдігі

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Түркістан қаласында мектеп оқушылары арасында дәстүрлі «Ясауитану – 2026» республикалық байқауы жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды Sadaq.kz. Рухани-танымдық бағыттағы бұл ауқымды шара Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға, тарихи сананы қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.

Байқау Түркістан қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген дарынды оқушылардың басын қосты. Шара аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ұлы ойшылдың өмір жолына арналған арнайы фотокөрме ұйымдастырылып, қатысушылар мен көрермендер назарына ұсынылды. Көрмеде Ясауи кесенесінің тарихы, ортағасырлық сәулет ерекшеліктері, музей-қорық қорындағы құнды жәдігерлер және рухани тұлғаның өнегелі жолын танытатын тарихи деректер көрсетілді.

Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу – еліміздің рухани саясатындағы маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай барысында ұлы ойшылдың мұрасын терең зерттеу, оны халық арасында кеңінен насихаттау қажеттігін атап өткен болатын.

Президент өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын жаңа ғылыми тұрғыда зерделеу, ол туралы сапалы кітаптар мен деректі фильмдер әзірлеу, сондай-ақ барлық өңірлерде Ясауи мұрасына арналған ғылыми-танымдық іс-шаралар ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталған еді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қожа Ахмет Ясауи орденін Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттар жүйесіне енгізу жөніндегі бастаманы көтерді.

Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде еліміздегі рухани-мәдени жобалардың негізгі өзегіне айналып отыр. «Ясауитану» байқауы да осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады.

Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов және «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жиында сөз алғандар Қожа Ахмет Ясауи мұрасының тек қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі әлемі үшін маңызды рухани қазына екенін атап өтті. Сонымен бірге осындай байқаулардың жастардың тарихи танымын кеңейтіп, олардың бойында отансүйгіштік, білімге ұмтылу және рухани құндылықтарға құрмет сезімін қалыптастыратыны айтылды.

«Ясауитану – 2026» байқауының басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері арқылы ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау, жас буынды ұлы баба мұрасын терең меңгеруге, ғылыми тұрғыдан зерттеуге және тарихи тұлғалар тағылымын тануға баулу.

Сонымен қатар байқау арқылы оқушыларға Ясауи кесенесінде жерленген тарихи тұлғалардың өмір жолы, олардың ел тарихындағы орны мен еңбегі туралы кеңінен мағлұмат беру көзделді.

«Әулиелердің сұлтаны» атанған Қожа Ахмет Ясауидің ілімдері ғасырлар бойы халықтың рухани тірегіне айналып келеді. Оның хикметтерінде адамгершілік, ізгілік, имандылық, білім мен парасат, адалдық пен әділдік секілді жалпыадамзаттық құндылықтар кеңінен көрініс тапқан.

Байқауға қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезең – «Ясауи мұрасы – балаға аманат» деп аталып, онда оқушылар Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін жатқа айтып, өздерінің дайындық деңгейін көрсетті.

Екінші кезең – «Білімді мыңды жығар алысқанда» бөлімінде қатысушылар Ясауидің өмірі мен шығармашылығы, «Диуани хикмет» еңбегінің мазмұны, кесене тарихы, сондай-ақ Әмір Темір дәуірінен қалған тарихи жәдігерлер туралы сұрақтарға жауап берді.

Үшінші кезең – «Тірек сөздер» сайысында оқушылар берілген ұғымдар арқылы тақырыпты ашып, өз білімдері мен ойлау қабілеттерін көрсетті. Бұл кезеңде қатысушылардың жылдамдығы, тапқырлығы және тарихи білімдері сараланды.

Байқауға баға берген әділқазылар алқасының құрамында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев, музей-қорық жанындағы Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайфулла Моллақанағатұлы, жетекші ғылыми қызметкері Жұмағали Ибрагимов, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының басшысы Бауыржан Сайфунов пен жетекші ғылыми қызметкер Мұхит Төлеген болды.

Әділқазылар қатысушылардың білім деңгейін, сахна мәдениетін, тарихи деректерді меңгеру қабілетін және Қожа Ахмет Ясауи мұрасын түсіндіру шеберлігін бағалады.

Байқаудың марапаттау рәсімінде алдымен оқушыларды дайындаған ұстаздарға алғыс хаттар табысталды. Себебі шәкірттердің жетістігінде олардың жетекшілері мен ұстаздарының еңбегі ерекше екені атап өтілді.

Бұдан кейін байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.

Бас жүлдеге Алматы қаласынан келген Асан Аида лайық деп танылды.

I орын:

  • Мұратова Айдана (Алматы қаласы);
  • Мамедова Амина (Түркістан облысы).

II орын:

  • Тұрсынбай Динара (Алматы қаласы);
  • Сейсен Фатима (Жетісу облысы);
  • Нұрлыбай Аружан (Түркістан облысы);
  • Сайлаубай Санжар (Қызылорда облысы);
  • Пулатов Мирзиед (Түркістан облысы);
  • Аязбай Айзере (Алматы облысы).

III орын иегерлері қатарында Жамбыл, Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Жетісу, Ақмола облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласынан келген бірқатар оқушылар марапатталды.

Сонымен бірге көрермендердің ерекше ықыласына бөленген қатысушыларға «Көрермен көзайымы» номинациясы табысталды. Бұл марапатқа Құдайбергенұлы Ерасыл (Қызылорда облысы), Айтбай Айзат (Жетісу облысы) және Таңатар Медина (Қарағанды қаласы) ие болды.

Айта кетейік, биыл дәстүрлі «Ясауитану» республикалық байқауы 28-ші рет ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларынан 70-ке жуық оқушы қатысты.

Жас өрендердің Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеп, оның рухани құндылықтарын танытуға деген қызығушылығы байқаудың маңызын арттыра түсті. Қатысушылар бірнеше күн бойы тарихи орындармен танысып, рухани-танымдық кездесулерге қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

«Ясауитану – 2026» байқауы тек білім сайысы ғана емес, жастардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыратын, тарихи мұраға деген құрметін арттыратын маңызды рухани жоба ретінде бағаланды.

Қожа Ахмет Ясауидің адамзатқа ортақ асыл мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін де өзекті. Оның ілімі мен өнегелі өмір жолы жастарды білімге, ізгілікке, елге қызмет етуге үндейді.

Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлы ойшылдың мұрасы жалғасып, келешек ұрпақтың рухани дамуына қызмет ете беретіні сөзсіз.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0