Түркістанда «Turǵyndar amanaty» семинар-форумы өтті
Мемлекет басшысы тұрғын үй қорын басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және коммуналдық инфрақұрылымның тиімді жұмысын қамтамасыз ету бағытында нақты міндеттер жүктеген болатын. Бұл бағыттағы реформалар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңаша ұйымдастыруға, басқару үдерістерінің ашықтығын арттыруға және тұрғындардың өз үйлерінің жағдайына деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Тұрғын үй қорын дамыту, ескірген инфрақұрылымды жаңарту және азаматтарға қолайлы қалалық орта қалыптастыру мәселелері Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында да кеңінен айтылды. Президент өз Жолдауында тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін салаларды жаңғырту, басқару жүйелерін цифрландыру және тиімді модельдер енгізу қажеттігін атап өтті.
Осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жаңа басқару үлгісі енгізіліп, тұрғын үйлерді басқарудың заманауи тетіктері қалыптастырылуда.
2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енген заңнамаға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Ендігі уақытта тұрғындар өз үйлерін басқару тәсілін өздері таңдау мүмкіндігіне ие болды. Бұл – азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне тікелей қатысуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Жаңа талаптарға сәйкес, пәтер иелеріне екі негізгі басқару нысаны ұсынылады. Біріншісі – мүлік иелері бірлестігі. Бұл жағдайда бір үйдің тұрғындары ортақ мүлікті күтіп-ұстау, жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру және үйдің шаруашылық мәселелерін шешу үшін өз қатарынан төраға сайлайды. Екінші тәсіл – тікелей бірлесіп басқару моделі. Бұл форматта тұрғындар заңды тұлға құрмай-ақ, барлық маңызды шешімдерді өздері қабылдай алады.
Аталған басқару тәсілдері тұрғындардың белсенділігін арттыруға, үй ішіндегі мәселелерді жедел шешуге және басқару сапасын жақсартуға бағытталған. Сонымен бірге жаңа жүйе тұрғын үй иелерінің жауапкершілігін арттырып, басқару процесіне азаматтардың нақты араласуына жол ашады.
Осы бағыттағы жаңа талаптар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзгерістер, энергетикалық және инфрақұрылымдық басқарудың жаңа моделі 2025 жылғы «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты семинар-форумда кеңінен талқыланды.
Іс-шара «AMANAT» партиясының «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында ұйымдастырылып, тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және тиімді шешімдер қабылдау жолдарын қарастыруға бағытталды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің жетекшілігімен өткен форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, аудан, қала әкімдіктерінің жауапты мамандары, тұрғын үй басқарушы ұйымдарының өкілдері, мүлік иелері бірлестіктерінің төрағалары, сервистік компаниялардың басшылары және сала сарапшылары қатысты.
Жиынды ашқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл басқосудың облыс үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, халық саны тұрақты өсіп келе жатқан, құрылыс қарқыны жоғары өңір ретінде Түркістан облысында тұрғын үй қорын тиімді басқару мәселесі ерекше өзектілікке ие.
Әкім тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформалардың басты мақсаты – тұрғындарға қауіпсіз, жайлы және қолайлы орта қалыптастыру екенін айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында «AMANAT» партиясы барлық өңірлерде «TURǴYNDAR AMANATY» пилоттық бастамасын жүзеге асыруда. Бұл жобаның негізгі мақсаты – тұрғын үйлерді тиімді басқару, сервистік қызмет көрсету сапасын арттыру және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту. Бүгінгі кездесу тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді», – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысында 1 877 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 1 620 нысан кондоминиум ретінде тіркелген болса, 243 тұрғын үй коммуналдық меншікте орналасқан.
Облыс орталығы Түркістан қаласында тұрғын үйлерді басқарудың жаңа моделіне көшіру, сервистік қызмет көрсету сапасын арттыру және басқарушы ұйымдардың жауапкершілігін күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда қала аумағында 4 басқарушы компания мен 7 сервистік қызмет көрсету мекемесі тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.
Форум барысында «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев партия бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «TURGYNDAR AMANATY» жобасының негізгі бағыттарына тоқталды.
Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды реформа. Себебі тұрғын үйдің жағдайы, аула тазалығы, жарықтандыру, лифтілердің жұмысы, интернет сапасы, қауіпсіздік және коммуналдық қызметтердің қолжетімділігі сияқты мәселелер азаматтардың тұрмыс сапасын айқындайды.
«AMANAT» партиясы бұл бағытта өңірлердегі тұрғын үй мәселелерін жүйелі шешуге бағытталған нақты жұмыстарды қолға алып отыр. Партия МИБ және ПИК төрағалары үшін оқыту семинарларын ұйымдастыру, басқару жүйесін жетілдіру, тұрғындардың ұсыныстарын жинақтау және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстарды күшейту бағытында бастамаларды жүзеге асыруда», – деді Ержан Жылқыбаев.
Сондай-ақ партия өкілі «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында Түркістан облысында арнайы фронт-офис ашу қажеттігін атап өтті. Бұл тұрғындардың тұрғын үй қатынастарына байланысты мәселелерін жедел шешуге, құқықтық және ұйымдастырушылық кеңес алуға мүмкіндік береді.
Жиында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қазіргі жағдайы туралы баяндама жасады.
Оның мәліметінше, облыстағы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару бағытында 199 мүлік иелері бірлестігі және 10 пәтер иелері кооперативі жұмыс істейді. Сонымен қатар 550 тұрғын үй тікелей бірлесіп басқару үлгісіне көшкен.
Бұл көрсеткіштер тұрғындардың өз үйлерін басқару процесіне біртіндеп белсенді араласа бастағанын көрсетеді. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – тұрғындардың шешім қабылдаудағы рөлін арттыру және басқару сапасына қоғамдық бақылау орнату.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту Мемлекет басшысының стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Ол тұрғын үй қатынастары саласындағы жаңа заң талаптары басқару жүйесін жаңартып қана қоймай, азаматтардың жауапкершілік деңгейін арттыратынын айтты.
«Бұл тек салалық реформа емес. Бұл – әр азаматтың күнделікті өміріне әсер ететін маңызды өзгеріс. Тұрғын үйдің жағдайы, аула тазалығы, коммуналдық қызмет сапасы, қауіпсіздік мәселелері – барлығы халықтың өмір сапасымен тікелей байланысты», – деді депутат.
Форум барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев те сөз сөйлеп, саладағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Ол инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, көпқабатты тұрғын үйлерді тиімді басқару және тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнату бағытындағы жұмыстарды атап өтті.
Сонымен қатар Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Олар тұрғын үйлердің инженерлік жүйелерін жаңарту, аулаларды абаттандыру, ескі үйлерді кезең-кезеңімен жөндеу және басқарушы компаниялардың жауапкершілігін арттыру мәселелеріне тоқталды.
Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері тұрғын үй саласындағы қаржылық ашықтық мәселесіне ерекше назар аударды. Мүлік иелері бірлестіктері мен басқарушы компаниялардың қызметі заң талаптарына сәйкес жүргізілуі, төлемдердің ашықтығы мен есептіліктің дұрыс ұйымдастырылуы тұрғындардың сенімін арттырудың маңызды шарты екені айтылды.
Форум аясында басқарушы компаниялар, сервистік мекемелер және мүлік иелері бірлестіктерінің өкілдері тәжірибелерімен бөлісті. Олар тұрғындармен тұрақты байланыс орнату, қызмет көрсету сапасын көтеру және басқару жүйесін жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, сервистік қызмет тарифтерін қайта қарау, МИБ-терге қатысты салықтық жеңілдіктер енгізу, басқарушы ұйым басшыларының кәсіби біліктілігін арттыру, тұрғын үй сапасын бақылау және бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Семинар-форумның басты ерекшелігі – ашық диалог алаңының қалыптасуы болды. Қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын жеткізді. Бұл тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік берді.
Түркістан облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерінің өзектілігі азаматтардың өтініштері арқылы да айқын көрінеді. 2025 жылы «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалына 15 687 арыз-өтініш келіп түскен. Оның 6 314-і немесе 40,2 пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты болған.
Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында облыстық партия филиалы қараған 3 310 өтініштің 1 437-сі немесе 43,4 пайызы тұрғын үй қатынастары мәселелерін қамтыған.
Бұл көрсеткіштер тұрғындардың тұрғын үй мәселелеріне ерекше мән беретінін және саладағы реформалардың уақыт талабына сай екенін көрсетеді.
Жалпы, «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында өткен семинар-форум тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және жаңа басқару жүйесін тиімді енгізу жолдарын айқындауға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.
Алдағы уақытта тұрғын үйді басқару саласында ашықтықты қамтамасыз ету, тұрғындардың белсенділігін арттыру және көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Жаңа жүйенің басты мақсаты – тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру ғана емес, әр азаматтың өз үйіне, ауласына және ортақ мүлкіне деген жауапкершілігін күшейту. Бұл – заманауи қалалық мәдениетті қалыптастырудың және өмір сапасын арттырудың маңызды қадамы.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0