«Түнде не болғанын білмейміз»: Әскери казармадан төрт сарбаз қашып кеткен

Желтоқсан 4, 2024 - 16:50
«Түнде не болғанын білмейміз»: Әскери казармадан төрт сарбаз қашып кеткен

30 қараша күні түнгі сағат 2-ден кете төрт бала БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ішінде орналасқан әскери казармадан қашып шыққан.  Казарманың үшінші қабатынан секіріп, қашпақшы болған төрт жігіттің бірі жерге құлап,  ауыр жарақат алған. Ол қазір облыстық ауруханада ем алып жатыр. 

 – Жігіттің қазіргі жағдайы нашар. Оның омыртқасы жараланған. Казармадан қашқан жігіттер үшінші қабаттан бірнеше  одеялды байлап төменге түскен. Олар терезені, терезеге қойылған торды бәрін сындырған, – деп атап өтті БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Альберт Бекмұханов.  

Казармадан қашып, ауыр дене жарақатын алған  С. есімді азамат 18 жаста. Оған әскерге шақыру туралы хабар бірнеше рет жіберілген. Енді казармадан қашқаны үшін қылмыстық жауапкершілікпен қоса материалдық залал келтіргені үшін жауапқа тартылады.  Әскери казармадан қашқан төрт жігітке қатысты әскери қызметтен жалтару бабы бойынша қылмыстық іс қозғалатын болады, – деді БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Альберт Бекмұханов.

Казармадан қашып кеткен төрт жігіттің үшеуі кеше өз еріктерімен кері оралыпты. Олардан түсініктеме алынып жатыр. Ал төртінші жігіт ауруханада жатыр. "Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ішінде күзет қызметі бар, айнала толған камера. Төрт жігіттің терезені сындырып қашып жатқанын күзет қызметіндегілер неге көрмеген, неге тоқтатпаған" деген заңды сұрақ туындайды? 

 – Казармадан қашқан жігіттерді жауапқа тартамыз. Әскери полиция мен әскери прокуратура тергеуді бастады. Әскери қызметтен жалтару бабы бойынша іс қозғалды. Казарманың ішінде екі камера бар. Дәлізде де камера бар. Күзет қызметі бар. Олардың бәрінде рация бар. Енді сол күні түнде неге дереу шара қолданбағаны туралы тек тергеу анықтайтын болады. Біз өз кінәмізді жоққа шығармаймыз. Бірақ түнде не болғанын білмейміз, – деді БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Альберт Бекмұханов.

Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшылығы ауруханада жатқан жігіттің хал-жайын дәрігерлерден сұрап, біліп отырғанын және департамент өкілдері әскерге барудан бас тарту, қашу қылмыстық жауапкершілік екенін ескертті. Жалпы, жоспар бойынша облыстан биыл 500-ге тарта жігіт әскерге баруы тиіс.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow