«Уыс-уыс дәрі ішіп, жалғыз өзі тұрып жатыр»: Тәуелсіздік үшін күрескен Хасен Қожа Ахметтің қазіргі жағдайы мүшкіл
76 жастағы қария, журналист, диссидент, саясаткер Хасен Қожа Ахмет жалғыз өзі бойындағы түрлі дертпен күресуде.
Бұл туралы елдің ұлт-азаттығы, мемлекеттік тәуелсіздігі үшін күресіп 1970-1990 жылдар аралығында үш мәрте бас бостандығынан айырылған белгілі саяси қайраткер, «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Менің жалғыз тұрып жатқаныма 30 жыл болды. Өйткені, сотталып, түрмеден, қоғамдық дай-дамаулардан, биліктегі текетірестерден, стресстен шаршадым. Қант диабетімен ауырғаныма да 3 жыл болды. Көп сөйлеуге болмайды, басым ауырады, шаршап қаламын. Сөйлемесем, ойымдағыны қағазға жақсы түсіремін», — дейді ол.
Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Instagram желісіндегі парақшасында қарияның қазіргі жағдайы мәз емес екенін жазды.
«Күнде уыс-уыс дәрі ішіп жатыр екен. Алматы шетіндегі Қызылту деген ауылда өзі жалғыз тұрып жатыр. Кенесарының садағынан қалған жебе ғой Хасен аға! Көптен бері қант диабетіне шалдығыпты. Құдай ғұмырын ұзақ қылсын. Екі сағат отырып сұхбат алдым. Өсиеті Алатаудай, қасиеті Қаратаудай ақсақал ғой. Мүжіліп қайттым. Азаттық үшін алпарысқан ердің қадірін білмейміз. Совет заманында компартияны әулие көргендер көп болған. Кремльге жалаң қол қарсы шыққан Хасен атамыз еді», — деп жазды Нұрсейіт Жылқышыбай.
Ұлт қайраткері сұхбат барысында елдегі басқару жүйесіне жаңашылдық керек екенін тілге тиек етті.
«Ел басқаруда бабалардың жолын қайталауымыз керек. Өз билерін шығарып, хан кеңесіне жіберуші еді ғой, қазір де солай болу керек. Бізде енді хан болмайды, керісінше, премьер-министрді министрліктер қабылдайды. Ұнамаса, әр ру өз депутатын қара бет болдың деп алдырып тастайды», — дейді ол.
Хасен Қожа Ахмет Желтоқсан оқиғасының қолдан жасалған сынақ екенін де айтты.
«Билік ешқашан Желтоқсан оқиғасының шындығын ашпайды. Комиссия құрғаны да жалған. Мұхтар Шаханов деген ақын ғой, ол тергеуші емес, заңгер емес. Соны комиссияның мүшесі етіп қойды. Желтоқсан оқиғасы қолдан ұйымдастырған дүние. Халыққа оқ атпай, су шашып, ұрып-соғып басатын операцияны сынақтан өткізбек болған», — дейді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?