«Үш миллион теңге талап еткен»: Шығыс Қазақстанда полицейлер ақша бопсалаумен айналысқан

Мамыр 16, 2025 - 10:47
«Үш миллион теңге талап еткен»: Шығыс Қазақстанда полицейлер ақша бопсалаумен айналысқан

Шығыс Қазақстан облысы тұрғынының абыройын түсіретін видеоны таратамыз деп қорқытқан полицейлерге қатысты сот үкімі шықты.

Сот ісі Өскемен қалалық №2 сотында қаралды. Анықталғандай, полиция қызметкерлері жәбірленушінің жеке өміріне қатысты деректерді біліп, одан ақша бопсалау үшін алдын ала сөз байласқан.

Содан соң ер адамға абыройына нұқсан келтіретін видеоны көрсеткен. Ол болса тәртіп сақшыларының талабына көніп, 3 млн теңге берген. Сот барысында үшеуі де өз кінәларын мойындаған жоқ.

"Айыпталушылар ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (өзiне немесе басқа адамдарға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану) және 194-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (алдын ала сөз байласу арқылы топпен бопсалау) бойынша кінәлі деп танылды. Сот шешімімен олардың бірі 6 жылға, екеуі 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды", - деп хабарлады ШҚО сотының баспасөз қызметінен.

Үшеуіне де мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow