Жастарды құмар ойынға итермелеген блогерлер: ҚМА дабыл қақты

Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 23 контент жасаушыға қатысты материалдар Мәдениет министрлігіне шара қабылдау үшін жолданды, деп хабарлайды
KAZINFORM ҚМА баспасөз қызметіне сілтемелеп.
Өскелең ұрпақ құмар ойынға тәуелділікке ұрынып, салдарынан ішімдік пен есірткіге әуестік сияқты басқа да жағымсыз құмарлықтарға бейім болады. Онлайн-казинолардың қызметі көбінесе есірткі саудасынан мен қаржылық алаяқтықтан түскен қылмыстық табысқа негізделеді.
Жаңа «клиенттерді» тарту үшін олардың иелері миллиондаған оқырманы бар отандық блогерлерді пайдаланады. Олар оңай пайда табуды көздеп, қарапайым азаматтарды қаржылық тұзаққа түсіреді.
Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі 34 блогердің онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.
— Олардың ішінде: Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев, Айтмаханов Тәуіржан, Тұрғанов Наиль, Диляра Аманқосқызы және басқалар бар. Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 23 контент жасаушыға қатысты материалдар Мәдениет министрлігіне шара қабылдау үшін жолданды, — деп атап өтті агенттік.
Ведомство мәліметінше, көпшілігі заңды бір рет емес, жүйелі түрде бұзады.
— Мәселен, хип-хоп орындаушы «Baller» (шын аты — Шыңғысхан Көпбаев) жыл басынан бері аталған бап бойынша бес рет жауапқа тартылды. 600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшыраққа қатысты да онлайн-казино жарнамалағаны үшін әкімшілік іс қозғалған. Сонымен қатар блогер «Niko_nett» пен инфлюенсер Қайсар Қамза да ерекше назарда. Соңғысы өзінің телеграм-арнасында заңсыз ойындарды үнемі насихаттап, жалған жеңімпаздардың видеоларын жариялап келеді. Сол сияқты, Наиль Тұрғанов онлайн-казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам қаржы алған. Ал Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») әлеуметтік желілерінде азаматтарды заңсыз ойындарға тарту мақсатында агрессивті науқан жүргізіп, жарнама үшін 15,8 млн теңге алып, оның жартысына жуығын сол платформалардың өзінде ойнап ұтылып қалған, — деп түсіндірді ҚМА баспасөз қызметі.
Агенттік мәлім еткендей, бұл істе блогер қыздар да белсенді.
— Мариям Құлжабаева («@oomariko») интернет-казинода тіркелуге шақырған қарапайым стористерін небары 350 мың теңгеге бағалаған. Ал оның құрбаны болған отбасылар миллиондаған қаржысынан айырылып жатыр. Оған қоса, Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да блогерлердің аты белгілі, — деп атап өтті ведомство.
Осылайша, онлайн-казино жарнамасы ойынға тәуелділікке бастайтын негізгі арна екенін біле тұра, аталған тұлғалар өз істерін жалғастырып жатыр.
— Олар адамдардың тағдырына немқұрайлы қарап, отбасылардың күйреуіне себеп болып отыр. Миллиондаған табысқа кенелген блогерлер айыппұлдарын төлеп, заңсыз әрекетін қайта жалғастырып жүр. Осыған байланысты Агенттік мұндай әрекеттерді ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-тармағы аясында — заңсыз ойын бизнесіне көмектесу ретінде қарастыруға ниетті. Сонымен қатар, қаржы пирамидаларын жарнамалағандай, онлайн-казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасы көтерілді, — деп түйіндеді ҚМА.
ҚМА блогерлерге үндеу жасап, жарнама түріндегі контент таратумен айналысатын әрбір тұлға заңды қатаң сақтауы тиіс екенін айтты. Агенттік заңсыз ойындарды насихаттаудан бас тартып, адамдар алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырады.
Бұған дейін ШҚО-да құмар ойынға шақыратын блогерлер мен аккаунтар анықталды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






