Журналист Ботагөз Омарованың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды
Журналист Ботагөз Омароваға қарсы қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы ақпаратты адвокаты Толқын Әбілова растады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Омарованың мәлімдеуінше, 2026 жылдың 20 ақпаны мен 7 наурызы аралығында Instagram-дағы 101tv.kz парақшасы мен «Айтпа, Ботагөз» Telegram-арнасында «ВД Строй-Инжиниринг» компаниясы «Ремстрой-1» жұмысшыларына Астанадағы ат спорты кешенінің құрылысы бойынша ақша төлемей отыр деген ақпараттар жарияланған.
Алайда кейін журналист бұл мәліметтердің жалған болғанын мәлімдеді.
«Аталған ақпараттар шындыққа сәйкес келмейді», – деді Ботагөз Омарова.
Сондай-ақ ол компания басшылығының қатысуымен өзіне қарыздың жоқ екенін дәлелдейтін құжаттар көрсетілгенін, соған қарамастан жарияланымдарды жалғастырғанын мойындады.
«Маған “ВД Строй-Инжинирингтің” “Ремстрой-1” алдында қарызы жоқ екенін дәлелдейтін құжаттар көрсетілді. Соған қарамастан, мен жалған ақпарат жариялауды жалғастырдым», – деді журналист.
Ботагөз Омарова ақпарат тарату кезінде журналистиканың негізгі қағидаларын елемегенін де айтты. Оның сөзінше, бұған аудиторияның қызығушылығын арттыру және жаңа жазылушылар тарту ниеті себеп болған.
«Маған көбірек жаңа жазылушы жинау және аудиторияның қызығушылығын арттыру ниеті әсер етті», – деп мәлімдеді ол.
Журналист жарияланған материалдар компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін айтып, Азамат Үсімбековтен, компания құрылтайшыларынан және өз аудиториясынан ресми түрде кешірім сұрады.
«Бұл жарияланымдар “ВД Строй-Инжинирингтің” және оның құрылтайшыларының құқықтары мен іскерлік беделіне зиян келтірді. Сол үшін шын жүректен өкінемін және ресми түрде кешірім сұраймын», – деді Ботагөз Омарова.
Сонымен қатар ол Қылмыстық кодекстің жалған ақпарат таратуға қатысты 274-бабын бұзғанын түсінетінін айтып, әріптестерін ақпаратты мұқият тексеруге шақырды.
«Журналистерді кәсіби стандарттарды қатаң сақтауға және ақпаратты тексеруге немқұрайлы қарамауға шақырамын», – деді ол.
Еске салайық, журналист Ботагөз Омарова наурызда полицияға шақырылып, артынша екі айға үйқамағына жіберілген еді. Ал екі айдан кейін ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Омароваға қатысты тергеу аяқталып, іс жақында сотқа жолданатынын айтқан.
Ботагөз Омарованың үстінен қозғалған іс қылмыстық кодекстің 274 бабы жалған ақпарат таратуға қатысты қозғалған еді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0