Журналист зейнеткерді алаяқтан арашалап алды (ВИДЕО)

Астанадағы «Керуен» сауда орталығының қасында болған оқиғада алпыстан асқан ер адам кибералаяқтардың арбауына түсіп қала жаздады. Бұл туралы журналист Тоқтарәлі Таңжарық әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
«Таңертең жұмысқа бара жатып, қолында телефоны бар ағамызды көрдім. Дауысын қатты қойған екен. Ар жағында біреу бастырмалатып, кредит алу керектігін айтып жатыр. Ал ағамыз болса, орыс тілін онша меңгермегендіктен, тек “иә, тыңдап тұрмын” деп жауап беріп келеді. Күмәнданып қасына барсам, өзін “органдағылармен сөйлесіп тұрмын” дейді. Бірден алаяқтардың құрығына түскенін түсіндім. Не айтсам да сенбей қойды, амалсыз полиция шақыруға тура келді», – дейді ол.
Куәгердің айтуынша, алаяқтар таң атпай зейнеткердің WhatsApp-ына жалған құжат жіберіп, «қазір кредит алмасаңыз, жағдайыңыз мүшкіл болады» деп сендірген.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары зейнеткерді 2,5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеуден аман алып қалды.
Полиция қазір мән-жайды тексеріп жатыр. Құзырлы орган тұрғындарға бейтаныс қоңырауларға сенбеуге, әсіресе қаржылық құжаттарға қатысты ешқандай әрекет жасамауға кеңес берді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






