Журналистерге Президент атынан баспана кілті табысталды
66 журналист үйлі болды.

Астанада БАҚ қызметкерлері күніне орай бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүрген журналистер мен басқа да қызметкерлерге пәтер сертификаттары табысталды.
Масс-медиа мамандарының айрықша еңбегін айшықтайтын шара "Дара" Президенттік бастамалар қорының ұйымдастыруымен өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша БАҚ қызметкерлеріне сертификаттарды ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай тапсырды.
"2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес журналистерге баспана беру іске асырылып келеді. Бұл өз кезегінде жақсы дәстүрге айналды. 2023 жылы 65 пәтер тапсырылса, 2024 жылы 67 пәтер берілді. Ал биыл 66 пәтерді тапсырмақпыз", - деді ол.
Сонымен қатар "Дара" Президенттік бастамалар қорының президенті Мұхамедқали Тауан БАҚ қызметкерлерін құттықтады. 2022 жылы құрылған қордың қызметі Қазақстанда креативті секторды дамытуға, азаматтардың шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін қолайлы жағдай жасауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталғанын айтты.
Сіздің реакцияңыз қандай?






