Ғылым комитеті ашаршылық пен отарлауға "баға бермеуге" шақыратын нұсқаулық жариялады
Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми мекемелердің қызметкерлеріне арналған нұсқаулық шығарып, онда айтылған талаптарды мақала жариялап, сұқбат бергенде сақтауды ұсынған. Әлеуметтік желіге жарияланған нұсқаулық көшірмесін Qaz365.kz. сайты да жариялаған. 12 пункттен тұратын құжатта тарихшылар мен ғалымдардың қандай да бір конфликт, соның ішінде мемлекетаралық конфликт туғызуы мүмкін мәліметтер жариялауына; қазақ даласындағы ашаршылыққа, 20 ғасырдағы отаршылдық пен 20-30 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге баға беруіне, қала атын өзгерту, мектепте хиджаб кию секілді БАҚ-тарда жиі талқыланатын тақырыптарға байланысты сұқбат беруіне болмайды. Жеке тұлғаларды, олардың ата-бабалары мен ұрпақтарының ар-намысына тиетін мәліметтер жариялаудан сақ болуға тиіс және жазған мақалаларын басшылыққа көрсету керек. Ғылым комитеті бұл нұсқаулықты Қазақстанның 20-дан астам ғылыми зерттеу институттарына жіберген. Нұсқаулықтың "мемлекеттік билік органдарының беделіне нұқсан келтіруі мүмкін материалдарға жол бермеу" жөніндегі пункттеріне байланысты әлеуметтік желіде түрлі сұрақ туды. Желі қолданушылардың кейбірі мұны совет өкіметінің цензурасымен салыстырды. Кейбірі нұсқаулық жөніндегі сұрақтарын ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жазғанын айтқан. Бірақ шенеунік сұрақтарға әлі жауап бермеген. Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Асылхан Бибосыновтың сөзінше, бұл құжат тікелей орындауды талап етпейтін ұсыныс қана. "Ешкім ешкімді мәжбүрлемейді, бұл - ғылыми қызметкерлердің жұмысын үйлестіру үшін ғана керек" деді ол Азаттыққа. Бибосыновтың айтуынша, ой-пікірін айтуға, баспасөзге қалауынша сұқбат беруге Конституцияда кепілдік берілген, бірақ "мемлекеттік органның да ұсыныс айтуға құқығы бар".
Сіздің реакцияңыз қандай?