Қарағанды облысындағы дала өртін сөндіру кезінде өрт сөндіруші қаза тапты

Қазан 7, 2024 - 12:03
Қазан 7, 2024 - 12:04
Қарағанды облысындағы дала өртін сөндіру кезінде өрт сөндіруші қаза тапты

6 қазанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы даладағы өртті сөндіру барысында өз қызметтік міндетін атқару кезінде 24-өрт сөндіру бөлімінің аға өртсөндіруші-құтқарушысы 1991 жылы туған Хали Хайрат қаза тапты, деп жазады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Сержант азаматтық қорғау органдарында 2014 жылдан бастап жұмыс істеген.  Сотқа дейінгі тергеу басталды.  Ведомствоның Апаттар медицинасы орталығының психологтары қайтыс болған қызметкердің туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр.  Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өртсөндірушінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады. ТЖМ қаза тапқан өртсөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді.  

Еске салайық, 6 қазанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қоянды ауылының маңында құрғақ шөп өртеніп кеткен болатын. Өрт орнына орман шаруашылығының, ТЖД күштері мен құралдары және ерікті өртке қарсы құралымдар дереу жіберілді.  Өрт ошағы орнына келген кезде 40 гектар алқапты жалын шалған. Өртті сөндіру барысында өңірдің ТЖД екі қызметкері және ерікті өртке қарсы құрылымның бір қызметкерін күйік шалды. Олар аудандық ауруханаға жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кейін "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағында өрттен зардап шеккен тағы бір тұрғынды Қарағанды қаласының ауруханасына жеткізді. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол жеңіл күйік алған.  

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow