«Құлыбаев пен оның қарамағындағыларды спорттан қуу керек» – депутат

Миллиардтың бәрі ұрланып жатыр.

Ақпан 2, 2024 - 10:38
Ақпан 2, 2024 - 10:38
«Құлыбаев пен оның қарамағындағыларды спорттан қуу керек» – депутат
sadaqmedia.kz

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Мәжіліс депутаттары алдында өзі басқаратын салаға қатысты жаңа заң жобасын таныстырып шықты. Вице-министрдің айтуынша, бұдан былай басымдық тек медаль әкелетін спорт түрлеріне ғана берілмек, өйткені елімізде спорттың түрі көбейіп, қаржы тапшылығы туындай бастаған. Осының кесірінен нәтиже көрсеткіші тым төмендеп кеткен.

«Бүгінде олимпиадалық емес спорт түрлері  53-тен 110-ға дейін артып отыр. Одан қалды кейбір спорт түрлері бірнеше бағытпен дамуда. Мысалы, каратэнің 11 түрі бар. Ал Азия ойындарының бағдарламасына соның бір ғана түрі енген. Дәл осындай жағдай т. аеквондода да бар. Бұдан бөлек жекпе-жек түрлері де солайБұл расы керек спорт резервінің және олимпиадалық нәтижелердің төмендеуіне алып келеді», - дейді Жарасбаев.

Осылай деп атап өткен ол алдағы уақытта кейбір спорт түрлерін қысқартуға мәжүр болып отырғандарын айтып өтті.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде 180 спорт түрі болса, бұдан былай жылына соның 30-40 түрі қысқарып отырады. Тиісінше 2026 жылға дейін 180-нің жартысы қалса, 2027 жылы ары кетсе 60-70 қана спорт түрі қалады.

Алайда Жарасбаев мырзаның бұл сөзі депутаттарға жақпай қалды.

Мәселен депутат Еділ Жаңбыршин тек олимпиадалық спорт түрлерін ерекше бөліп алып, қаржы бөлу дұрыс емес екенін айтып дау шығарды. Айтуынша, мұндай алалау - бұқаралық спорт түрлерінің дамуына кедергі келтіреді.

«Критерийлер қойып, жақсы жұмыс істеп жатқан спорт түрлерін дамытуымыз керек, өлтірмеуіміз керек. Әрең күн көріп жүрген федерациялардың бәрін жоқ қылсаңыздар, онда бұқаралық спорт түрлерін қалай дамытамыз? Бәрі бірдей шаңғы теуіп, бәрі бірдей тұғырдан секіре алмайды. Боксы дамыған Маңғыстаудың өзінде спорт кешендері жетіспейді. Футбол ойнайтындай өңірлерде дені дұрыс стадион жоқ. Алдымен инфрақұрылымды дамытыңыздар, сонан соң қаржыландырыңыздар. Құлыбаевтың адамдары федерацияларды бөліп алып, ақшаны жеп отыр. Неге соларды құртпайсыздар, әлде солармен біргесіздер ме?» – деп вице-министрдің жағасынан ала түсті.

Жаңбыршин мырзаның бұл пікірін Ерлан Сайыров та қолдай кетті. Оның ойынша, спорт санын қысқартудан гөрі аталмыш саланы майшелпек қылып отырған олигархтардан құтылған жөн.

«Министрлікке Қазақстанның спорттық процесіне олигархтарды қатыстырмай, түгел алып тастауды ұсынамын. Қазір Тимур Құлыбаев пен оның қарамағындағылар отандық спортқа кедергі келтіріп жатыр. Бұл мәселені қалай шешеміз? Құзыретті министрліктің олигархтарды спорттан қууға құқығы бар ма? Соңғы төрт жылда көрші Өзбекстанға жете алмай келеміз. Әйтпесе Қазақстан спортқа 1 млрд доллар бөледі. Көршіміз мұндай қаржыны бөлген емес. Сонда миллиардтың бәрі ұрланып жатыр деген сөз ғой», – дей Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров.

Жалпы елімізде 2018-2020 жылдары спорт саласына 646 млрд теңге бөлініпті. Алайда бұл қаржының 72 пайызы пайдасыз спорт түрлеріне жұмсалған. Сонымен қатар бұл отырыста футболға бөлінетін қаржы көлеміне де қатысты мәселе көтерілді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow