Қанды қаңтар: Сот Самат Әбішке неге жұмсақтық танытты?

Самат Әбіштің тым жеңіл жазамен құтылып кетуі, расы керек қазақ қоғамы үшін үлкен жұмбақ болып қалды.

Желтоқсан 18, 2024 - 17:31
Қанды қаңтар: Сот Самат Әбішке неге жұмсақтық танытты?
ulysmedia.kz.

Ел тарихында «Қаңтар оқиғасы» деген атпен қалған қанды оқиғаның негізгі ұйымдастырушылары ретінде жауапқа тартылып жатқан тұлғалардың соты да өз мәресіне жақындап қалды, жазады Sadaq.kz ақпарат порталы.

Қаңтар оқиғасының негізгі фигуранттарының бірі  - Арман Жұмагелдиевтің ісі бойынша өтіп жатқан сот талқылау кезеңіне өтіп, жарыссөз сатысына келді. Мемлекеттік айыптаушылар «Дикий Арман» атымен танымал Арман Жұмагелдиевге ұзақ мерзімді яғни  20 жыл жаза тағайындауды сұрағаны белгілі болды. Сондай-ақ, Дикий Арманмен бірге істі болып жатқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Руслан Ысқақовқа 15,5, Қайрат Құдайбергенге – 8 жыл сұрап отыр.

Бұған дейін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке үкім шығарды. Нақты айтар болсақ, Кәрім Мәсімов 18 жылға, оның орынбасарлары А.Садықұлов - 16, Д.Ерғожин тағылған айыптарға сәйкес - 15 жылға сотталды. Ал М.Осипов билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс «аса құпия» белгісімен қаралды.

Ең қызығы, қанды қаңтар оқиғасы кезінде Ішкі істер министрлігін басқарған Ерлан Тұрғымбаев пен ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш шартты жазамен құтылып кетті. Сот Тұрғымбаевтың кінәсін мойындап, өкінгенін ескеріп, шартты жаза тағайындап, пробациялық бақылауда болады деген шешім шығарды. Ал Самат Әбішке 8 жылға шартты түрде тағайындады.  

Бір қызығы, қанды қаңтар бүлігіне тікелей қатысы бар тұлғаларға біршама қатал қараған тергеушілер Самат Әбішке келгенде жұмсақтық танытты. Күштік құрылымдар қаңтардың 6-сы күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш бірдей орынбасарының қолына кісен салғаны белгілі. Алайда бұл ұсталғандар арасында Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш жоқ болып шықты.

Самат Әбіш 17 қаңтарда президент жарлығымен қызметінен босатылды. Одан кейін ұзақ уақыт бойы құзырлы органдар Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі туралы жақ ашпады. Тек жарты жылдан кейін ғана яғни 2022 жылғы 22 маусымда ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмірханов  Самат Әбіштен жауап алынып жатқанын хабарлады. 
2023 жылдың қыркүйегінде Бас прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты тергеу басталғанын ресми түрде мәлімдеді.
Қылмыстық істі Бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеу қызметі жүргізді. Алайда Назарбаевтың немере інісіне қатысты іс мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер болғандықтан аса құпия санатқа жатқызылды. Әрі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің деректері жарияға жатпайтыны хабарланды. Бір қызығы тергеу жүріп жатқан уақытта Самат Әбіш Қазақстаннан ешқайда шықпау жөнінде қолхатпен жүрген еді.

Кейін іс сотқа жіберілді. 26 ақпан күні Қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды» деген айыппен 8 жылға шартты жаза  тағайындалды.

Тағы бір айта кетерлігі, 26 ақпан күні шыққан сот шешімі туралы ақпаратты жұрт 19 наурызда бірақ естіді. 
20 наурызда Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот Самат Әбіштің қылмыстық іс бойынша 8 жыл шартты жаза алғанын растады. Судья шешім қабылдау барысында сотталушының жас балаларының барын және шын жүректен өкінгенін ескерген.

Екі жүзден астам адамның ғұмырын жалмап, мыңдаған адамды азапқа ұшыратқан сол бір қырғының кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіштің тым жеңіл жазамен құтылып кетуі, расы керек қазақ қоғамы үшін үлкен жұмбақ болып қалды.

Сарапшылар да Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бірінші орынбасары болған адамның қол астындағы адамдардың үлкен төңкеріс әрекетіне дайындалып,  әрі оны сәтті жүзеге асырғанын байқамай қалды дегенге сену өте қиын екенін айтады. Керек болса, тергеу қызметі қаңтар оқиғасы бойынша тергеліп жатқан басқа да тұлғалардың куәлігін есепке алмады.
Мәселен, тергеу барысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Руслан Ысқақов қаңтар оқиғасы кезінде тікелей Әбіштің бұйрық бергенін ашық айтқан  еді. Ол өз сөзінде тікелей Әбіштің бұйрығымен Дикий Арманды іске тартқанын айтады. Руслан Ысқақов кейін ел президенті мен БАҚ өкілдеріне ашық хат та жазған. Хатында ол елдегі хаосты шын мәнінде экс-президент пен айналасындағылар ұйымдастырғанын айтқан. Сол кездегі орталық аппаратты жедел басқару Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары болған Самат Әбішке жүктелген.

Самат Әбіш экс-президент Назарбаевтың інісі Сатыбалдының кенже ұлы.
Самат Әбіш өзінің қызметтік карьерасын Ұлттық қауіпсіз комиетінен бастады. 28 жасында Тіркеу қызметі комитеті төрағасының орынбасары, ал бірнеше жылдан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Кадр департаментінің бастығы болып шыға келді. 35 жасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары лауазымына көтерілді. 2016 жылы Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағасы болып барған тұста Самат Әбіш бірінші орынбасар болып тағайындалды. 2022 жылдың 17 қаңтарына осы қызметте отырды.

Расын айту керек, Самат Әбіш туралы интернет ресурстарында дені дұрыс ақпарат жоқ. 
«Оның қай мектепті бітіргені, немен айналысқаны, кіммен араласқаны, кіммен жанжалдасқаны белгісіз. Тіпті биліктің жоғары эшелонында жүргендердің өзі ол жайлы жарытып ештеңе айта алмайды. Небары 35 жасында генерал-майор шенін алған адамның интернетте бірде-бір сұхбаты, бірде-бір комментарийі жоқ», - деп жазғаны бар Ұлысмедиа ақпарат порталының.  

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow