«40 жігіт шығып, «бізден соққы жемей тұрғанда, кетіңіз» деді»: Майра Мұхамедқызы Шымкенттегі опера театрының былығын айтты

Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы жұмысын бастаған алғашқы жылдары түрлі қиындықтарға тап болғанын айтты. Бұл туралы ол “Хабар” телеарнасындағы “Алғашқы” бағдарламасында баяндап, өз тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды Сaravan.kz.
Майра Мұхамедқызы алғаш театрға барған кезде 40-қа жуық адамның қарсылық танытқанын жеткізді:
«Театрға кірсем, 40 жігіт алдымнан шықты. “Бізден соққы жемей, қысым көрмей тұрып, кете беріңіз. Жаңа адамды қаламаймыз” деді. Мен: “Аналайындар, мен қорықпаймын. Бұл өмірде көп нәрсе көрдім. Мен сіздердің жағдайларыңызды жақсартуға келдім” дедім. Қазір солар – менің әріптестерім, театрдың жанашырлары», – дейді әнші.
Оның айтуынша, театрда тәртіп пен заң талаптары сақталмаған, тіпті, салаға қатысы жоқ адамдар жұмыс істеген. Бұл жағдайды өзгерту үшін түбегейлі кадрлық өзгерістер қажет болған:
«4 жылда 160 адамды жұмыстан шығардым. Кадр бөлімінің маманы: “Майра ханым, жарты Шымкентті жұмыстан шығардыңыз ғой” деді. Басында маман табылмай қала ма деп қорықтым. Бірақ аз жалақыға қарамастан, менімен бірге жұмыс істеуге, әлемдік тәжірибені көруге келіскен кәсіби мамандар келді», – деді ол.
Майра Мұхамедқызы қазіргі таңда театрдың тынысы кеңейіп, кәсіби деңгейі жоғары мамандармен толығып жатқанын атап өтті.
Өнер иесінің әріптестері оның іскерлігін айта келіп, жұмысына тиянақты әрі театрға шын жанашыр екенін айтты.
”Бізге 2021 жылы Майра Мұхамедқызы басшылыққа келді. Ол кісі келген кезде театрдың іші ескіріп, әбіржіп тұрған еді. Залда бір ғана жарық жанатын. Көрермендер отыратын орындықтардың тозығы жеткен еді. Майра Мұхамедқызы өзі демеушілер тауып, өткен жылы тамыз айында 30 миллионға орындықтарды ауыстырды. Театрдың барлық жерінен су өтетін, іші жылымайтын. Барлығын жөндеуден өткізді. Бұрынғы қалпымен салыстырғанда қазір театр деп ауыз толтырып айтатын күнге жеттік. Шымкент қалалық опера театрын әлемдік деңгейге көтергісі келіп, әлемдік деңгейдегі операларды қойғысы келді. Сол кезде біздегі кейбір мамандар оны түсінбей, айқай-шу шығарды. Басында ұжым ішінде қақтығыстар көп болды. Кейбіреулер Майра апай мамандарды құртып, өзінің командасын жинап жатыр деп ойлады. Қазір бізге әлемдік деңгейдегі режиссерлар мен дирижерлар келіп жатыр”, — дейді Майра Мұхамедқызының әріптесі Ерлан Қолдасбаев.
Сіздің реакцияңыз қандай?






