Абай – мангуртизмнің басы

Абай жарнамамен ғана тұрған «феномен». Жарнама тоқтаса оны ешкім оқымайды. Оны өзінің ұрпақтары да оқымайды.

Қараша 3, 2025 - 10:46
Қараша 3, 2025 - 11:06
Абай – мангуртизмнің басы

Халықтан ұлы ешкім жоқ. Өзінің туған халқын надан атаған «ақынды» дана дей алмаймыз. Өзінің ауылы ішіндегі озбыр, жағымпаз, жексұрын тобыр үшін бүкіл қазақ еліне қара күйе жағып кеткен «данышпанның» жарнамалағанғанына 100 жылдан асты. Абай жарнамамен ғана тұрған «феномен». Жарнама тоқтаса оны ешкім оқымайды. Оны өзінің ұрпақтары да оқымайды. Шыққан тегін де, елін де менсінбей орысқа жағыну үшін жазушылықпен айналысқан Абай Құнанбаевты табынатын образға айналдыру Совет үкіметі үшін тиімді болды. Совет құрамындағы руханияты Ғұн, Сақ заманынан басталатын түркі халықтарын бағындырып ұстау үшін әрқайсысына 19-20 ғасырдағы бір ақын я жазушыны «феномен» ғып шығарып, барынша жарнамалатты. Сол арқылы өткен бай тарихын, байырғы қазыналы әдебиетін естен шығарып, мәңгүрт тобыр деңгейге түсіру жұмысы қарқынды жүргізілді.

Совет кезінде әр интеллигенция өкілі Абайды мақтауға тиіс болды, өзі сол қоғамның мүшесі болған соң жаман атқа қалмас үшін ақын-жазушылар, ғалымдар, т.б. бәрі жаппай Абайды мақтап мақаласына қосты, өлеңдер шығарды. Абай философ та дана да емес, өмір бойы шығармашылық жетілу жолында болған, көп оқып ізденуге тырысқан бірақ ақыл-ой тұрғысынан әкеден кем туған соң өз елі туралы түсінігі таяз «ақын» болған. Ол заманда Шығыс Қазақстан, Семейде Абайдан он есе талантты ақындар өмір кешкен, бірақ оларды әлі де айтқызбайды, өлеңдерін оқулықтарға енгіздірмейді, өйткені Абайдан асып кетпеу керек. Надандық өрши түсу керек, қазақ ұлттық санасы оянбаған күйі бодан күйде қалу керек.

Абайдың түсінігі таяз болғаны соншалық «Атың шықпаса, жер өрте» деген қарапайым мақалдың өзін түсінбеген. Қазақтың мақалдарын өзінше бұрмалап түсіндіруге тырысқан. Өзінен бұрынғы жыраулар, би-шешендерді «қырт» деп атаған. Қызылорда өңірінде ағыны дариядай небір ғаламат жыраулар, Маңғыстау, Ұлытау, Көкшетау, Баянауыл, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл аймағында қабілеті тасқындаған ақындар өмір сүрген. Олар туралы диссертация жазылса міндетті түрде Абайға сілтеме жасатқызады, соқыр сенім, дүмше ғылыми орта. Осы Абайды мақтағанда тоқтай алмайтын филолог жазушы-ғалымдармен аралассаңыз, арасында қыз-қырқынға тиіскіш небір арсыз, ұятсыздары бар екенін көрер едіңіз, ұл-қызы қазақша сөйлей алмайтын дүмше ал өзі ана тілінің статусы туралы көсіле сөйлейтін паршивая интеллигенция өкілдерінің неше түрімен кездесер едіңіз. Осылар шынайы білімді текті интеллигенцияның жүйкесін кеміріп, ісіне кедергі келтіріп келген.

Абай туралы филологтар жүздеген диссертация жазып, Құдай ретінде табынды, тарихшылар Пайғамбар сияқты бас ұрды, Абайды мақтағанда қолданылмаған сөз қазақ тілінің сөздік қорында қалған жоқ. Қара сөздерінде туған халқын барынша сорлы етіп сипаттаған «ақынды» мақтағанда қоярға жер таппай үкімет енді шет елдерге ескерткіш, бюсттерін орнаттыруда.

Абай кімге керек? Әр халықтың өз феномені, өз данышпаны бар. Шет мемлекеттер де Қазақстан Орта Азиядағы ең үлкен ресурстарға бай мемлекет болған соң дипломатиялық жақсы қарым-қатынасты сақтау үшін көңіл жықпастықпен келіседі бюст орнатуға. КазГУ-де сабақ берген академик Тұрсынбек Кәкішек айтып еді: «Францияның 1 университетінің ректорымен кездестім, филолог екен. Таң қалғаным, бұл француз профессор бола тұра француздың ұлы жазушысы Франсуа Рабленің шығармалары тұрмақ атын да білмейді екен. Не деген надандық!» 2000 жылдардың ортасында КазГУ-дегі халықаралық конференцияға Даниядан бір аспирант қатысқан. Тақырыбы: «Жыныстық қатынаспен байланысты сөздерді лингвистикалық талдау». Аслан Жақсылықов деген профессор «Сіздің баяндамаңыз біздің менталитетімізге қайшы, қане тоқтатыңыздеп, баяндама басталған кезде тоқтатып тастады. Өзінің кешегісін білмейтін, былғанышқа батып отырған Батысқа «Абай феномені» не үйретпек?

«Адамзаттың Абайы» деген модный термин бар қолданыста. Әкесі Құнанбайдың байлығының арқасында жылы үй, дәмді астың ортасында өмірін өткізген, киіз үйде өлең жазумен ғана айналысқан (арасында орыстармен кездескен) Абай Адамзатқа не беріпті? Адамзат оның қай ісін үлгі қылуы керек? Үш әйел алғанын ба әлде өз ұлтын «надан» атағаны үшін бе? Абайды оқыған шет елдіктер қазақ шынымен де топас, жалқау, надан ел екен деп ойлайды. Абайдың оқырманға одан басқа берері жоқ.

Жапонтанушы ғалым Шарафат Жылқыбаеваның facebook парақшасынан 

 

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow