«Әкемнің өміріне қауіп төніп тұр»: Марафоншы Марат Жыланбаевтың қызы қазақстандықтардан көмек сұрады (ВИДЕО)
Белгілі марафоншы, тіркелмеген «Алға, Қазақстан!» партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевтың түрмедегі жағдайы өте ауыр. Саяси белсендінің үстінен қысымның шектен тыс күшейгенін, өміріне нақты қауіп төніп тұрғанын журналист Сания Тойкен мен оның отбасы мәлімдеді. Бұл туралы Sadaq.kz ақпарат порталы хабарлайды.
Мекеменің жаңа басшысы Қуаныш Медеев бұған дейін Маратқа: «Сені СУС-қа (қатаң жағдайда ұстау камерасы) жауып, жаза мерзіміңді ұзартамын» деп ашық сес көрсеткен болатын. Бүгінде Марат Жыланбаев Степногорск қаласындағы №4 мекеменің қатаң камерасына ауыстырылып, сыртқы әлемнен толық оқшауланды. Әзірге мерзімі ресми түрде ұзартылмағанымен, СУС-қа жабу — сол қауіптің алғашқы қадамы ретінде қабылданып, отбасының үрейін тудырып отыр.
Отбасы мен журналист Сания Тойкеннің айтуынша, колония әкімшілігі марафоншының рухын сындыру үшін азаптаудың психологиялық түрін қолдануда. Атап айтқанда, Маратқа түрме иерархиясында адамның намысын таптап, оны «төменгі кастаға» жатқызуды білдіретін, ортасында тесігі бар матрас берілген. Марат Жыланбаев бұл қорлыққа көнбей, матрасқа жатудан бас тартқан. Ол қазіргі уақытта орындықта отырып ұйықтауға мәжбүр.
5 ақпандағы соңғы қысқа кездесуден кейін оған адвокаттармен көрісуге де, үйіне телефон соғуға да тыйым салынған. Тіпті жарты жыл бойы күткен 25 ақпанға жоспарланған жақындарымен ұзақ мерзімді кездесудің де болмайтынын мәлімдеді.
Ең қорқыныштысы — Марат Жыланбаевтың әділдік талап етіп, 4 қаңтардан бері аштық жариялап келе жатқанына 48 күннен асты. Отбасы мүшелері оның денсаулығына қатты алаңдауда.
Мараттың қызы Әнел әкесін «түрмеде өлімге итеріп жатыр» деп қауіптенеді және бүкіл қоғамды бұл іске бей-жай қарамауға шақырады.
Сания Тойкен БАҚ өкілдерін, құқық қорғаушыларды және құзырлы органдарды бұл фактіні назарға алып, шұғыл шара қолдануды талап етуде.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0