Ақтөбені су тасқынынан қорғап тұрған Щербаков бөгеті бұзылды

Ақтөбе облысындағы Екпетал елдімекені тасқыннан жермен-жексен болды.

Наурыз 30, 2024 - 11:48
Наурыз 30, 2024 - 11:52
Ақтөбені су тасқынынан қорғап тұрған Щербаков бөгеті бұзылды

Ақтөбе облысында өткен жылы қалпына келтірілген Щербаков бөгеті су тасқынынан бұзылды. Қазіргі уақытта тұрғындарды эвакуациялауға дайындық жүріп жатыр. 

"Құрметті жерлестер, Жүргенов және Талдысай ауылдарының тұрғындары. Өткен жылы қалпына келтірілген Щербаков бөгеті судың көп мөлшерінің ағып кетуіне байланысты бұзылды. Сондықтан біз қазір шұғыл эвакуация жүргізіп жатырмыз, оны кеше жарияладық. Бірақ “көшемізге бұрын су келмейтін” деп эвакуациялағысы келмейтін адамдар бар", - деді Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тугузбаев 

ТЖМ Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында Щербаков бөгеті шлюзінің үстінде жарықтар пайда болғанын осыған дейін хабарлаған. 29 наурызда бөгет бұзылып, су Жүргенев ауылының шетіндегі Ырғыз өзеніне кете бастады.

ТЖД күшімен Талдысай ауылындағы және Жүргенов ауылындағы 45 жеке тұрғын үйден 149 адам алдын ала эвакуацияланды.

Қазір тұрғындарды аталған ауылдардан эвакуациялау басталды. 251 адам өзін-өзі эвакуациялады, оның ішінде 87 бала және 320 ірі қара, 340 ұсақ мал, 606 құс бар.

Сол секілді өзге өңірлердегі жағдай да мәз емес. Ойыл ауданы Шығанақ Берсиев атындағы су тасқынында қалған ауыл тұрғындарына барған тікұшақ жерге қона алмай кері қайтуға мәжбүр болған. 

Бұл жағдайға Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді.

"2024 жылғы 29 наурызда майор Ж.О. Бекбаулиевтің басқаруымен Ми-8 (БН-34) тікұшағының экипажы Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Берсиев елді мекенінде су басу аймағында тұрған адамдарды құтқару бойынша эвакуациялық іс-шараларға қатысты.

Эвакуациялық пункт болып табылатын мектептің айналасы сумен толғандықтан, мектеп ауданына қону мүмкін болмады. Экипаж мектеп ғимаратынан 600-800 метр қашықтықта қонуды жүзеге асырды. Алайда, күту кезінде экипаж Берсиева ауылында ғимарат төбесіндегі 13 адам өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы ақпарат алды. Осыған байланысты экипаж командирі алдымен ғимараттың төбесінде қауіп төніп тұрған адамдарды құтқару туралы шешім қабылдады. Ғимараттың үстінде судан бір метр биіктікте тұрған 13 адамның барлығы құтқарылды. Қалған отынның қалдығын ескере отырып, тікұшақ құтқарылғандарды Ақтөбеге жеткізді", - деп хабарлады ведомство.

Тұрғындар таңғы жетіден бастап эвакуацияны күткен. 300 - ден астам адам, оның ішінде 100-ге жуығы балалар, осы уақыт бойы ауыл мектебінде болған.

Кеше Ақтөбе облысындағы Екпетал елдімекені тасқыннан жермен-жексен болды деген хабар тарады. Бүтіндей бір ауыл суға кетіп, үйлер құлап, жоқ болған.  Қазіргі уақытта жалпы Ақтөбе облысында бес ауданда төтенше жағдай жарияланып отыр. Сол секілді Ақтөбедегі су қоймасына да қауіп төніп тұр.Себебі Ақтөбедегі су қоймасы ернеуіне жетіп, апаттың алдын алу үшін шлюздер ашылған. Соның салдарынан Елек өзенінің жағасындағы жүздеген үй су астында қалған. 



Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow