Антикор Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген мүліктің тізімін жариялады
1,6 миллиард доллардың мүлкі тәркіленіпті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке қайтарған мүліктің тізімі туралы мәліметті ұсынды. Ведомствоның Tengrinews.kz-ке ресми жауабында Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істер "Қазақтелеком", "Көлік сервис орталығы" қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру, сондай-ақ, оның бақылауындағы компанияның кедендік бажды төлеуден жалтару деректері бойынша тергелгені айтылады.
"Тергеу барысында Қ.Сатыбалдыұлы кінәсін толық мойындады, залалды толық көлемде өтеді, сондай-ақ, қылмыстық құқықбұзушылықтарды тергеуге және қылмыстық жолмен алынған мүлікті ашуға ықпал етті.
2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Сатыбалдыұлы және оған қатысы бар тұлғалар мемлекетке заңсыз жолмен алынған 732,8 миллиард теңгеден аса соманың мүліктік активтері мен қаражатын немесе 1,6 миллиард долларды қайтарды", - деп жазылған Антикор мәліметінде.
Оның 661,5 миллион доллары шетелден табылды.
Ведомство мәліметінше, олар Қазақстанға Австрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркия және басқа елдерден қайтарылды.
Антикор мәліметі бойынша қайтарылған активтерге әкімшілік ғимараттар, эксклюзив зергерлік бұйымдар, сәнді үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардың үлестері, теміржол және ақша кіреді.
Қайтарылған активтерге не кіреді (732,8 миллиард теңге)?
"Қазақтелеком" АҚ акцияларының 28,8 пайызы - 93,8 миллиард теңге.
"ЦТС" АҚ - 30,2 миллиард теңге.
Төрт компаниядағы үлесі - 10,3 миллиард теңге.
Қазақстандағы мүліктік активтер - 158,5 миллиард теңге.
Эксклюзив зергерлік бұйымдар - 105,39 миллиард теңге (230 миллион доллар).
Қазақстандық шоттардағы ақша - 36,8 миллиард теңге.
Австриядан келген ақша - 36,8 миллиард теңге (82,1 миллион доллар).
Лихтенштейннен түскен ақша - 116,7 миллиард теңге (260,5 миллион доллар).
БАӘ-ден келген ақша - 6,3 миллиард теңге (14 миллион доллар).
Түркиядан келген ақша - 2,2 миллиард теңге (4,92 миллион доллар).
Бағалы қағаздарды сату - 135,8 миллиард теңге (300 миллион доллар).
"Мемлекеттік меншікке құны 158 миллиард теңгеден асатын 115 қазақстандық нысан берілді, оның ішінде 73-і жылжымайтын мүлік: 13 үй, 10 ғимарат, 13 жер учаскесі, 4 пәтер, 3 ғимарат, 2 медресе ғимараты, 2 тұрақ орны, 25 үй-жай, 1 аяқталмаған құрылыс нысаны), 37-сі жылжымалы мүлік (29 көлік, 5 арнайы техника, 3 квадроцикл) және өзге де мүлік", - деп жазылған жауапта.
Мүліктің бір бөлігі оның жақын туыстарына, аффилиирленген тұлғаларға және бақылауындағы компанияларға ресімделген.
Астана мен Алматыдан мемлекетке берілген әкімшілік ғимараттардың жалпы ауданы 180 мың шаршы метрден асады.
Суреттер: Антикор
"Люкс нысандардың бірі - Сатыбалдыұлының бұрынғы резиденциясы Ақмола облысының Барап ауылында жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метр аумақта орналасқан, ол Астана қаласының Білім басқармасына берілді", - деп жазылған агенттік жауабында.
Сіздің реакцияңыз қандай?