Асхат Аймағамбетов: «Мақсатымыз – дәрі таңдауын халыққа беру»
Мәжілісте дәрі-дәрмек нарығындағы бюрократиялық кедергілерді жоюға бағытталған заң жобасы таныстырылды. Депутат Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмек тапшылығы мен бағаның қымбаттығына тікелей әсер етіп отырған процестерді реттеу бойынша бірқатар маңызды ұсыныстарды атап өтті.
Депутаттың айтуынша, бүгінде Қазақстанның дәрі-дәрмек нарығы өте қатты бюрократияланған. Бұл халықтың сапалы әрі қолжетімді препараттарға қол жеткізуіне кедергі келтіруде.
«Көрші мемлекеттерде 15-17 мың дәрі атаулары тіркелген болса, бізде бұл көрсеткіш бар-жоғы 5-7 мыңды құрайды. Бұл нарықтағы таңдаудың аздығын білдіреді. Біздің басты мақсатымыз – таңдауды халыққа беру», — деді А. Аймағамбетов.
Заң жобасында дәрі-дәрмекті тіркеу рәсімдерін жеңілдетіп, дәрілерді тіркеудің жалпы мерзімін 210 күннен 100 күнге дейін қысқарту ұсынылып отыр. Сондай-ақ, Еуропа мен АҚШ-та қолданылған және тиісті сертификациядан өткен дәрілерді қайта тексеріп, уақыт созбай, препараттарды нарыққа 15 күн ішінде кіргізу тетігі ұсынылды.
Бірақ мерзімдердің қысқаруы сапаға әсер етпеуі тиіс. Депутат дәрі өндірісіне қажетті шикізаттың (субстанциялардың) қатаң бақылауда болатынын қадап айтты.
«Қазақстанға дәрі өндіру үшін кіргізіліп жатқан субстанциялар міндетті түрде тексерілуі керек. Бұл біздің азаматтарымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін маңызды», — деп толықтырды ол.
Бұл заң жобасы тек нарықты реттеп қана қоймай, салаға тұсау болып отырған сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0