Атыраулық күйеубала Сұлтанды ұстау сәті жарияланды: Индонезия полициясы эксклюзивті деректерді жайып салды (ФОТО)
Индонезияның Ломбок аралында Атырау облысындағы атышулы кісі өліміне қатысты күдікті ретінде халықаралық іздеуде жүрген Сұлтан Сәрсемәлиев ұсталды. Sadaq.kz тілшісі шетелдік басылымға сілтеме жасап, құжатта SS (29) деп көрсетілген күдіктінің ұсталған сәттегі суреттері мен эксклюзивті деректерді анықтады.
Солтүстік Ломбок полициясының мәліметінше, арнайы операция 24 ақпанда Интерполдың «қызыл бюллетені» және Атырау қалалық сотының 2026 жылғы 8 қаңтардағы шешімі негізінде жүзеге асырылған. Күдікті жасырынған Сенару ауылы — әйгілі Ринжани жанартауына баратын саяхатшылардың сүйікті орны. Тәртіп сақшылары қонақүйге кіріп келгенде, SS (29) қашып құтылмақ болған, бірақ арнайы дайындалған жасақ оған мүмкіндік бермеді.
«Индонезия қылмыскерлердің панасы емес!»
Полициясының бастығы Агус Пурванта Интерполдан келген деректерді оқығанда жағасын ұстағанын жасырмады.
«Біздің міндетіміз — Индонезияның халықаралық қылмыскерлер тығылып жататын "қауіпсіз айлаққа" айналуына жол бермеу. Бұл ұстау — мұқият жоспарланған халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі», — деді Агус Пурванта.
Еске сала кетейік, Сұлтан Сәрсемәлиев былтыр қараша айында өз қайын атасы мен енесін өлтіріп, мәйіттерін қора астына көміп тастаған деген күдікке ілінген. Ол туыстарына марқұмдардың атынан жалған хаттар жазып, «бәрі жақсы, анамызды емдетіп жатырмыз» деп, бүкіл ауылды айлап алдап келген.
Тінту кезінде одан тек паспорт емес, халықаралық банк карталары мен бірнеше ұялы телефон табылған. Сондай-ақ, онымен бірге болған марқұмдардың туған қызы Ақбаян Мұқанғалиева да ұсталды. Қазіргі уақытта күдіктілерді Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілуде.
Ең өкініштісі, бұл отбасының артында бес кішкентай бала қалды. Күдіктілер шетелге қашқанда балаларын бірге алып кетпеген. Қазіргі таңда жетім қалған бүлдіршіндерге мемлекет қамқорлық көрсетуде. Сондай-ақ, марқұм қариялардың тағы екі баласы — Мирамгүл мен Наурыздың әлі күнге дейін хабарсыз кеткенін айта кеткен жөн.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0