Бас прокуратура АЭС-ке қатысты заңсыз сауалнама жүргізген алты адамға айыппұл салды

Референдумның қарсаңындағы және референдум күндері, яғни 2024 жылғы 5 және 6 қазанында үгіт жүргізуге болмайды.

Қыркүйек 12, 2024 - 15:14
Қыркүйек 12, 2024 - 15:15
Бас прокуратура АЭС-ке қатысты заңсыз сауалнама жүргізген алты адамға айыппұл салды
коллаж: kursiv.media

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қазақстандықтарға үндеу жариялай отырып, 6 қазан күні өтетін референдумға қатысты заңсыз сауалнама жүргізуге заңмен тыйым барын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үндеу Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиевтің атымен жарияланған.

«Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 2024 жылы 6 қазанда «Сіз Қазақстанда атом электр станциясының салуға келісесіз бе?» деген сауалға республикалық референдум өтеді. Оны әзірлеу мен өткізу тәртібі «Республикалық референдум туралы» және референдум туралы заңнамаға қайшы келмейтін бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңдарымен реттеледі. Атап айтқанда, республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкес оған дайындық пен өткізу кезеңінде жүруі тиіс», - деп жазады Бас прокуратура.

Яғни, референдумға қатысты қоғам пікірін білуге бағытталған сауалнаманы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде 5 жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы.

«Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауал салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауал салу жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер жазылады. Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн дауыс берiлетін күннің алдындағы 5 күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейдi.Сондай-ақ сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабына сәйкес әкімшілік жаза көзделген», - деп жазады прокуратура.

Дереккөзге сүйенсек, осы уақытқа дейін, яғни, Жарлық шыққан күннен бастап 12 қыркүйекке дейін республикалық референдумға қатысты заңсыз қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізген 8 факт тіркелген екен. 

«Орталық референдум комиссиясын алдын ала ескертпей, 6 жеке тұлға және 2 заңды тұлға сауалнама жүргізген. Аталған фактілер бойынша прокуратура органдары 4 азамат пен 2 заңды тұлғаны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартты, оларға айыппұл салынды», - деп хабарлайды Бас прокуратура.   

Бас прокуратура үгіт кезеңі 3 қыркүйекте басталып, 2024 жылғы 4 қазанға  (сағат 24:00-ге дейін) дейін жалғасатынын жазып отыр.  Референдумның қарсаңындағы және референдум күндері, яғни 2024 жылғы 5 және 6 қазанында үгіт жүргізуге болмайды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow