Бельгия королі Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келеді
Қазақстан мен Бельгия серіктестіктің жаңа кезеңін бастауға дайындалуда.
2026 жылғы 11-14 қазан аралығында Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі елшілігі мәлімдеді, деп хабарлайды sadaq.kz.
Бұл Бельгия монархтарының Орталық Азияға жасайтын алғашқы мемлекеттік сапары болмақ. Сапар бағдарламасы Астана мен Алматы қалаларындағы іс-шараларды, жоғары деңгейдегі келіссөздерді, іскерлік және академиялық кездесулерді, сондай-ақ мәдени жобаларды қамтиды.
Екі ел үшін бұл ұзақ жылдар бойы қалыптасқан өзара қызығушылықты жаңа нақты уағдаластықтарға ұластырудың маңызды мүмкіндігі. Король Филипп үшін бұл сапар өзі жақсы білетін елге қайта оралу болмақ. Ол тақ мұрагері кезінде Қазақстанға үш рет келген.
Атап айтқанда, 2002 және 2009 жылдары бельгиялық ғарышкер Франк Де Винненің қатысуымен жүзеге асырылған ғарыш миссияларының ұшырылуын тамашалау үшін Байқоңырға сапар шеккен, ал 2010 жылы экономикалық миссияны басқарған. 2009 жылы Франк Де Винне Халықаралық ғарыш станциясының экипажын басқарған алғашқы еуропалық атанды.
Оның осы тарихи жетістікке жету жолы Қазақстан аумағынан ғарышқа ұшудан басталды. Бұл Бельгиядағы ғарыш саласына қызығушылық танытатын жұртшылыққа жақсы таныс ортақ тарихымыздың ерекше бір парағы.