Біз отандық дәрігерлерге көп жалақы бере алмаймыз – вице-министр
Бәрі МӘМС қорына түсетін жарналарға байланысты дейді
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов еліміздің дәрігерлері аз жалақы алатынын мойындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналист шенеуніктен «120 мың теңге – дәрігер үшін лайықты еңбекақы ма?» деп сұрады. Әлеуметтік желіде Астанадағы ірі медициналық ұйымда істейтін патологанатом қазан айында дәл осындай жалақы алғанын жазған.
Тимур Мұратов қазақстандық дәрігерлердің жалақысы төмен екенін мойындады.
«Ашығын айтсақ, менің жеке пікірім, мұндай жалақы аз. Біз дәрігерлерге жалақыны аз төлейміз. Жалпы бүкіл әлемде клиникалық медицина – жоғары жалақы төленетін мамандықтардың бірі. Бірақ еліміздің қазіргі экономикалық жағдайын да ескеру керек. Өкінішке қарай, біз қазір дәрігерлерге төлеп отырған жалақыдан көп бере алмаймыз», - деді вице-министр.
Дегенмен, оның айтуынша, еліміздегі барлық дерлік аурухана мен емхана шаруашылық жүргізу құқығына ие.
«Яғни, олар кепілдендірілген тегін медициналық көмекке кірмейтін сервистік қызметтерді көрсету арқылы пайда таба алады. Мәселен, кейде жүкті әйелдер өзіне акушер немесе дәрігер таңдап жатады, сол кезде оларға қосымша қызмет көрсетеміз. Аурухана бұл ақшаны өзіне қалдырмайды, қызметкерлеріне қосымша төлем немесе сыйақы түрінде төлейді. Жалпы дамыған елдерде жеке тұлғадан, жұмысшыдан, жұмыс берушіден алынатын жарна жоғары болғандықтан, жалақы да соған сай жоғары. Мұның бәрі МӘМС-ке аударылатын жарналарға тікелей байланысты», - дейді Мұратов.
Ол денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерлердің медианалық жалақысы шамамен 400 мың теңге, ал патологоанатом дәрігерінің жалақысы да осы деңгейде болуы керек екенін атап өтті.
Сіздің реакцияңыз қандай?