«Болмаған қазақ геноциді»: Ресейлік тарихшы Ашаршылықты жоққа шығарып, Қазақстанды соғыспен қорқытты
Ресейлік тарихшы Дмитрий Верхотуров Қазақстанның мемлекеттілігіне ашықтан-ашық шүйлігіп, қазақтың өмірін қиған трагедияны «ойдан шығарылған миф» деп атады. Ол өзінің «Болмаған қазақ геноциді» атты кітабында 1930-жылдардағы қасіретті жоққа шығарып қана қоймай, елімізді Украинаның тағдырымен сес көрсетіп отыр. Бұл туралы Sadaq.kz хабарлайды.
Ресейлік мемлекеттік БАҚ-тарда жиі бой көрсететін Верхотуровтың айтуынша, Қазақстанның Ашаршылық (Голодомор) тақырыбын көтеруі — мемлекеттің жойылуына алып келуі мүмкін. Ол өз сұхбатында қазақтарды орыстар үшін «жақын туыс емес» деп бөліп, агрессиясын ашық білдірді. «Украиндар бізге жақын болса да, біз оларды сабап жатырмыз. Ал қазақтар — мүлдем бөтен адамдар, оларды ұрғанда әлдеқайда аяусыз әрі қаттырақ соққы береміз», — деп сандырақтады ресейлік спикер.
Белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаев әлеуметтік желілердегі бұл мәлімдемені нағыз қылмыстық әрекет деп бағалады. Оның пікірінше, Верхотуровтың өткендегі геноцидті жоққа шығаруы — бұл іс жүзінде жаңа агрессияны насихаттаумен тең. Бұл сөздерде соғысқа шақыру, адамдарды нәсіліне қарай бөлу және шовинизм белгілері анық байқалады.
Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша: «Біріншіден, Голодомор мәселесі тек қазақ халқына ғана тән емес, бұл — бұрынғы Кеңес Одағының көптеген халықтарын, соның ішінде орыстарды да қамтыған ортақ трагедия. Аштық пен одан кейінгі зиялы қауымға қарсы репрессиялардың бастаушысы ретінде большевиктік билік аталады. Сондықтан бұл трагедияны мойындау және оны қысым құралы ретінде пайдаланбай, құрбандарды бірлесе еске алуға көшу қажет».
Отандық саясаттанушы Верхотуровтың сөздеріне Ресейдің ресми саясаткерлері қандай баға беретінін көру маңызды. Бұл — Верхотуровтың жеке сандырағы ма, әлде билік тарапынан қолдау тауып отырған позиция ма? Сондай-ақ, сарапшы қазақ билігіне бұл провокацияға жауап беру міндетті емес екенін, бірақ мұндай «сарапшылардың» барын ұмытпау керектігін айтты.
Сталиндік кезеңнің «маманы» саналып жүрген Верхотуров өзінің кітабында Ашаршылықты кеңес өкіметі емес, «байлар ұйымдастырды» деген тезисті алға тартады. Оның пайымдауынша, Қазақстандағы аштықтан миллиондаған адам қырылды деген дерек — жалған. Ол өз есептеулеріне сүйеніп, құрбандар саны 650 мың адамнан аспайды деп сендіреді. Автордың пікірінше, Голодомор туралы айту — жала жабу мен кеңестік Қазақстан тарихын бұрмалау.
Айта кетейік, тарихи шындық Верхотуровтың уәждерін толық жоққа шығарады. Түрлі зерттеулер бойынша, 1930-жылдардағы нәубетте Қазақстан 2,3 миллионнан 4 миллионға дейін халқынан айырылған. Халықаралық демографиялық деректерге сүйенсек, Қазақстан халқының 22,4%-ы қырылып, КСРО бойынша ең көп зардап шеккен аймақ болды.
Елімізде бұл трагедияны еске алу мақсатында 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленген.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0