Делдалдарды алып тастау есебінен дәрі-дәрмек бағасын төмендету жоспарлануда

Шілде 17, 2024 - 10:52
Делдалдарды алып тастау есебінен дәрі-дәрмек бағасын төмендету жоспарлануда

Жоғарғы аудиторлық палата тексерісінен кейін Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы төмендетуді көздеп отыр. Бұл делдалдарды алып тастау және және дәрі-дәрмектерді тікелей өндірушілерден сатып алған жағдайда жүзеге асады.

Министрлік сатып алу тиімділігін арттыру үшін тауарларды жоспарлау мен бөлуді автоматтандыратын ақпараттық жүйені енгізгенін мәлім етті. Бұл есептен шығарылған препараттардың санын азайтады. Сондай-ақ бірыңғай дистрибьютордың қызметі өндірушілермен тікелей шарттар жасасуға бағытталатынын мәлімдейді. Бұл делдалдарды алып тастаудың есебінен дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге мүмкіндік береді деген пікірде.

«Ішкі тергеу жүйелі кемшіліктер мен тиісті бақылаудың жоқтығын анықтады, нәтижесінде министрліктің жауапты бөлімшелері мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының негізгі басшылары қызметінен босатылды. Қабылданып жатқан шаралар Қазақстан халқын қауіпсіз және сапалы дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған», – делінген Министрлік хабарламасында.

Министрлік пациенттердің, мемлекеттің және өндірушілердің мүдделерін ескере отырып, дәрілік заттарға баға белгілеу тетігін қайта қарайтынын жеткізді.

«Дәрілердің сапасын бағалау мен іріктеуде қауіпке бағдарланған тәсіл бойынша және фармацевтикалық өнімді әкелу тәртібінде өзгерістер енгізілуде. Мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҚР ҰКП, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдерін қамтитын фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. 2024 жылғы наурызда стратегиялық ұсыныстарды әзірлеуге жауапты бейінді департамент құрылды»,- деп хабарлады ДСМ.

Аудиттік тексерістен кейін мекеме басшылары жұмысынан айырылды
Жоғары аудиторлық палатаның тексерісінен кейін Денсаулық сақтау министрлігінің бағынышты ұйымдарының басшылары қызметінен кеткен. ДСМ аудит палатасы анықтаған жүйелік кемшіліктерді де мойындады.

Еске салсақ, 15 шілдеде Жоғары аудиторлық палатасы Денсаулық сақтау министрлігіне жүргізілген тексерістің нәтижелерін жариялаған болатын. Министрлікті тексерген Әлихан Смайыловтың аудит палатасы дәрілердің зауыт бағасынан 172%-ға қымбат сатылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ дәрілер бағасының орынсыз көтерілгенін, оларға лайықты деңгейде бақылау жүргізілмейтінін анықтаған.

Смайылов министрліктің бағаларға дұрыс қадағалау жүргізбейтінін айтты
Сонымен бірге палата төрағасы мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қадағаламайтынына назар аударған. Айтуынша, бұл өндірушіге 2000%-ға дейін үстеме баға белгілеуіне жол ашады. Бұдан бөлек Смайылов баға белгілеу тетігінің кемшіліктеріне де тоқталған. Мәселен, «СК-Фармация» ЖШС жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары бағамен сатып алып отырған. Нәтижесінде оның сомасы 8 млрд теңгеден асқан.

Бұдан басқа, Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алу шаралары сапасыз жоспарланған. Нәтижесінде медициналық ұйымдар 2,8 млрд теңге сомаға сатып алынған препараттардан бас тартқан. Одан бөлек 279,5 млн теңгеге препараттар жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты тұрып қалған. Кейіннен олардың бір бөлігі есептен шығарылған. Сонымен бірге сатып алу рәсімдерін жүргізу кезінде ашықтық қағидатына қайшы келетін бұзушылықтар да анықталған. Яғни 3 млрд теңге сомаға тіркелген аналогтары бола тұра, «СТ-KZ» сертификатымен жергілікті қамтуды растаусыз бір көзден алу тәсілімен 182 млрд теңгеден астам дәрі-дәрмектер сатып алу жағдайлары кездескен. 

kursiv.media

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow