Енді Яндекс Такси бағаны негізсіз көтере алмайтын болды

Сәуір 29, 2025 - 14:08
Енді Яндекс Такси бағаны негізсіз көтере алмайтын болды

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, саланың құзыретті мамандарын тарта отырып, Яндекс Такси компаниясының алгоритмдік баға қалыптастыру тиімділігіне аудит жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Аудиттен өту міндеті Яндекс Таксиге монополияға қарсы комплаенс аясында жүктелген болатын.

Тексерістің мақсаты – Яндекс cервисін, оның ішінде такси қызметтерінің бағасына әсер ететін шарттар мен параметрлерді зерделеу болды.

Атап айтқанда, жүйенің архитектурасы, баға қалыптастырудың базалық және динамикалық компоненттері зерттелді, сонымен бірге әуежай аймақтары мен қаланың орталығынан алыс аудандардағы ерекшеліктер, сондай-ақ операциялық процестер қарастырылды.

"Аудиттің бастапқы қорытындылары бойынша баға белгілеу жүйесінде бірқатар тәуекелдер анықталды. Кейбір тәуекелдер жойылды, ал қалғандары бойынша Яндекс оларды жою жөнінде міндеттемелер қабылдады. Осылайша, Агенттіктің хабарламасы негізінде пайдаланушыларға арналған адалдық бағдарламасының ережелері (Яндекс+ бағдарламасы) өзгертілді, нәтижесінде Яндекс осы бағдарлама бойынша барлық шығындарды (жолаушыларға ұсынылатын жеңілдіктерді) толық өз мойнына алды", – делінген монополия өкілдері таратқан хабарламада. 

Ал, жалпы, енді Яндекс такси мына мәселелерді өзгертеді:  

  • такси тарифтерінің және жол жүрудің базалық құнының қымбаттайтыны туралы Яндекс Такси Агенттікке 3 күн бұрын хабар жібереді;
  • әуежай маңындағы кейбір тұрғын аймақтарды әуежай тарифтік аймағынан алып тастайды(1 апта ішінде);
  • жол жүрудің базалық құнынан екі есе асатын сомадан комиссия ұстамайды (бұл жүргізушілердің табысын арттыруға ықпал етеді);
  • «Эконом» тарифіндегі комиссияны әр қалада екі жылда бір реттен жиі қымбаттатпайды;
  • максималды сұраныс жағдайында тарифті үш еседен артық қымбаттатуға шектеу қояды (мысалы, ауа райы қолайсыз күндері немесе мереке күндері, мұндай сапарлар әр тоқсанда әр қалада барлық сапарлардың 5%-ынан аспауы керек, бұл талап нақты көрсетілген);
  • сұранысы төмен аймақтар үшін тариф құрамындағы қосымша төлем компонентін пайдаланушы қосымшасында түсінікті етіп көрсетеді;
  • 2025 жылдың 30 маусымынан кешіктірмей пайдаланушыларға сапар бағасының толық құрылымын қосымшада көрсетеді;
  • техникалық қолдау сапасын арттыру, атап айтқанда, пайдаланушылардың өтініштерін өңдеу алгоритмін оңтайландыру.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow