«Қайын жұртынан қорқып қашып кетті»: Депутаттың тоқалы болған Нұрайым Шақимерген алданғанын айтты

Қараша 18, 2025 - 17:17
«Қайын жұртынан қорқып қашып кетті»: Депутаттың тоқалы болған Нұрайым Шақимерген алданғанын айтты
Фото: www.instagram.com/nuraiym_shakimergen

Түркістандық жас депутат Нұрайым Шақимерген әлеуметтік желіде жеке өміріне қатысты ауыр жағдайды бөлісіп, жас қыздарға, әсіресе әкесіз өскендерге бағытталған маңызды үндеу жариялады. Оның айтуынша, өзі сенім артқан азамат тарапынан қолдау таппай, қиын сәтте жалғыз қалған, деп хабарлайды sadaq.kz.

«Бұл жазбаны қандай күйде жазып отырғанымды сөзбен жеткізу қиын. Мен — қолында кішкентай баласы бар, ажырасқан, жүрегі жараланған анасымын. Әкесіз өскен қыз болғандықтан, ер адамның мейіріміне тым мұқтаж болғанымды жасырмаймын», — дейді ол.

Нұрайымның айтуынша, ол отбасын құрамын деген сеніммен алға ұмтылған. Алайда шешуші сәтте өзін жалғыз сезінуге мәжбүр болған.

«Кейде біз біреуді қорғанышым, панам болады деп сенеміз. Жүрегіңнің ең нәзік тұсын ашып, сенім артамыз. Бірақ өмір тағы бір сынақ жібереді екен. Мен асықтым, сендім, қателестім. Бірақ өзімді кінәламаймын. Өйткені осы қателік маған ең үлкен сабақты үйретті: әйелдің бағасын ер адам анықтамайды. Әйелдің бағасын — өз жүрегі, өз ерік-жігері анықтайды», — дейді ол.

Нұрайым ауыр кезеңнен өткенін жасырмайды. Қиындыққа қарамастан, қайта тұрып, алға қадам басқанын айтады.

«Мен құладым — бірақ қайта тұрдым. Жыладым — бірақ күле де алдым. Жараландым — бірақ сынған жоқпын. Өйткені мен анамын. Ұлымның маған қарап тұрғанын сезгенде, әлсіреуге құқығым жоқ екенін түсіндім», — деп жазады ол.

Оның сөзінше, ең жанды тұсы — сенген адамының шешім қабылдар сәтте өзіне емес, басқа пікірлерге тәуелді болуы.

«Маған уәде беріп, болашағымызға сендірді. Бірақ шешуші таңдауда мені емес, өз ортасының сөзін таңдады. Үнсіз кетті. Мен оған ашулы емеспін — бұл оның таңдауы, оның шамасы. Ал мен өзімді таңдадым. Өз қадірімді», — дейді Нұрайым.

Ол бұл жазбаны көпшілікке жариялау себебін де түсіндірді: өз тәжірибесі басқаларға сабақ болса екен дейді.

«Әкесіз өскен қыздар біреудің қолдауын іздейді. Бірақ біз іздеген ең үлкен тірек — өз жанымызда екенін кеш түсінеміз. Сол үшін қыздар, өтінемін: өз бағаларыңызды ешқашан түсірмеңіздер. Сүйемін деген адам — дәлелдейді. Жылатпайды. Қорғайды», — деп кеңес береді ол.

Нұрайым өз жазбасында әкелерге де үн қатты:

«Қыздарыңызға мейірім беріңіздер. Әке қамқорлығы — қыз баланың өмір бойғы тірегі. Менің басымнан өткенді ешбір қыз көрмесін».

Сөз соңында ол қоғамның назарын жеке өміріне емес, өзінің кәсіби жолына бағыттауды сұрайды.

«Мен 25 жастағы қызметкермін, анамын. Менің міндетім — халыққа адал қызмет ету. Ұлымның менімен мақтануы үшін күшім де, сабырым да жеткілікті», — деп қорытындылады Нұрайым Шақимерген.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow