Қыз алып қашқандар қылмыстық жазаға тартылатын болды

Елімізде кәмелетке толмаған қыздарды неке мақсатында еріксіз алып қашу фактілері үшін қылмыстық жаза енгізу көзделіп отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, қазіргі қолданыстағы «Қалыңдық ұрлау» деп аталатын бап «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп қайта аталады. Себебі, бүгінге дейін оссындай факті бойынша 214 азаматтық шағым түссе де, тек 10 іс ғана сотқа жеткен. Қалған істердің көбісі мүлде қаралмаған.
«Бұл бапта үш деңгейлі жауапкершілік көзделген. Жай жағдайда – айыппұл. Ал егер қыз кәмелетке толмаған болса немесе күш қолдану не бірнеше адамның қатысуы анықталса, онда 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Қыздар көліктен секіріп, зорлық көргенін дәлелдесе де, істер жабылып қалған. Себебі құқықтық нақты негіздер мен жауапкершілік механизмдері жетіспейді», – деді Әбенов.
Жаңа заң жобасы кәмелетке толмағандарды неке үшін алып қашу, еріксіз некеге мәжбүрлеу, күш қолдану арқылы жасалатын зорлық әрекеттерді нақты қылмыс ретінде қарастырып, жазалауға бағытталған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






