«ҚҚС-16%, шекті мөлшер - 40 млн теңге»: қосымша құн салығы бойынша үкімет пен парламент мәмілеге келді

Үкімет депутаттардың қосымша құн салығы бойынша тіркеу шегін арттыру туралы ұсынысын қабылдады. Жаңа Салық кодексінің жобасында қосымша құн салығының шегі 40 миллион теңге болмақ.
Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа салық кодексін таныстырды.
"ҚҚС 16% болады. ҚҚС бойынша шегі - 40 млн теңге мөлшерінде белгіленді. 40 млн теңге - бұл біз қол жеткізген келісімнің "жемісі". Бірақ бұл тұрғыда 160 мың жаңа салық төлеушіні жоғалтамыз, сонымен қатар шамамен 400 млрд қосымша түсімнен де айырылатынмызды баса айтқым келеді. Кәсіпкерлер Үкімет пен Парламент келісімге келіп, осындай құрбандыққа баруға дайын екенін дұрыс түсінуі керек", - деді ол.
Сондай-ақ, Жұманғарин жеке кәсіпкерлікті тіркеу және ашу ережелері қатаңдатылатынын айтты.
"Қатаң талаптар бұрын заңнаманы бұзған немесе белсенді емес жеке кәсібі барларға қатысты болады. Олар үшін ЖК-ны жаңадан ашу процесі күрделене түседі", - дейді министр.
Орта және шағын бизнеске арналған арнаулы салық режимі енді оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі деп аталатын болды. Кіріс лимиті – қазіргідей 600 мың айлық есептік көрсеткіш болып сақталады. Қызметкерлер саны бойынша шектеулер алынып тасталады.
Мөлшерлеме - 4% және оны мәслихаттар 50%-ға дейін төмендетуі мүмкін.
Үкімет режимді тек белгілі бір қызмет түрлеріне қолдануды ұсынды және басты шарт – тек B2C операциялары.
"Бұл ретте В2В операциялары арнаулы режим шеңберінде ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Егер жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін салық төлеуші тауарды немесе қызметті "арнаулы режимшіден" сатып алса, онда оның мұндай шығындарды шегеруге құқығы жоқ. Қызмет түрлерінің санын Үкімет реттейтін болады", - дейді министр.
Осылайша, үй жанындағы дүкендер, шаштараздар және халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер осы шарттарға сәйкес келеді және қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
"Оларға қорқудың қажеті жоқ. Әлеуметтік маңызы бар азық - түлік, археология және кітап баспалары ҚҚС-тан босатылады", - деді вице-премьер.
Ал әлеуметтік және денсаулық сақтау саласында Үкімет ҚҚС-тан босатылатын дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін алдын ала анықтайтын болады. Тек ақылы медициналық қызметтерге салық салынады. Оларға белгіленетін ҚҚС мөлшерлемесі 10% болады.
Әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы кезең-кезеңімен өседі: 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10%.
Сондай-ақ, банктік операцияларға да ҚҚС салына бастайды.
"Банк операциялары бойынша да қосымша құн салығы алынатын болады. Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп, бағаның өсуіне жол бермеу үшін қолданыстағы тарифтердің негізділігіне талдау жүргізеді", – деп атап өтті Жұманғарин.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін кодекс қабылданғаннан кейін ештеңе өзгермейді. Олар үшін минус 70% жеңілдік сақталады.
Өңдеу өнеркәсібі үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 20% күйінде қалады.
Қазақстанда "бай-бағландар салығын" кім төлейді?
Жаңа Салық кодексінде тауарлардың жекелеген санаттарына жоғары салық салуды енгізу қарастырылуда.
"Мәселен, жылжымайтын мүлік құны 450 млн теңгеден асатын болса, мүлік салығының мөлшерлемесін ұлғайту ұсынылды. Сондай-ақ құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл көліктерге, қымбат теңіз кемелері мен ұшу аппараттарына акциздер енгізу жоспарлануда. Әділдік үшін қымбат алкогольдік ішімдіктер мен табактарға да 10% мөлшерінде акциздер енгізу ұсынылады", - деді Жұманғарин Мәжілістегі пленарлық отырыста.
Салық органы жазалауға емес, жеке кәсіпкерлікті ашудан бастап жапқанға дейінгі аралықта "фискалдық" сүйемелдеуді енгізуге баса назар аударатын болады, деп атап өтті министр.
Салық есептілігі 30%-ға қысқарады.
"Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері де өзгереді. Ең бастысы, енді біз салықтар бойынша шамалы мөлшердегі бұзушылықтарға байланысты бизнестің барлық қызметін бұғаттамайтын боламыз", - деді Серік Жұманғарин.
Сонымен бірге, салық жүйесін трансформациялауға бағытталған түзетулерге келсек, бұл реттегі маңызды бастамалардың бірі – жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесін енгізу болып табылады.
"Мәселен, жылдық табысы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен асатын қызметкерлер үшін жоғары 15% мөлшерлемені белгілеу ұсынылады. Бұл жоғары табысқа қосымша салық салынатын тетікті құруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістерге 10% мөлшерлеме бойынша корпоративтік табыс салығы салынатын болады. Олар қазір салықтан босатылған. Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектілері шығарған бағалы қағаздар бойынша кірістерге салық салу ұсынылады. Бұл ретте экономиканың нақты секторын қолдау және инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялар тарту үшін "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі шығарған бағалы қағаздардан түсетін кірістерді 2030 жылға дейін салық салудан босату ұсынылады. Бұл экономикаға жыл сайын 10 трлн теңге қаражат салуға мүмкіндік береді", - дейді Жұманғарин.
Зиянды сусындарды тұтынуды азайту мақсатында алкогольсіз энергетикалық сусындарға акциз енгізу ұсынылады.
Бизнесті бөлшектеумен күресті күшейту үшін заңды тұлғаларды тіркеуге қатысты өзгерістер ұсынылады.
"Құрылтайшылары немесе басшылары бұрын ауыр салықтық бұзушылықтар үшін жауапқа тартылған компаниялар жаңа заңды тұлғаны тіркей алмайды. Салықтық әкімшілендірудің сапасын жақсарту үшін, салық органдары адал бизнеске тиіспеуі үшін, егер кәсіпорынның салық жүктемесі сала мен аймақ бойынша орташа деңгейден төмен болса ғана кешенді салықтық тексерулер тағайындау ұсынылады. Бұл салық органдарына өз күштерін ең тәуекелді жағдайларға бағыттауға және негізсіз тексерулерден аулақ болуға көмектеседі. Осылайша, ұсынылған салық реформасы өз кірістерін жасыратын адал емес салық төлеушілерге, сондай-ақ салық салудың әділеттілігін арттыруға бағытталған. Байлар көбірек төлеуі тиіс", - дейді министр.
Жаңа Салық кодексі ел экономикасына не береді?
Мәжілістегі өз баяндамасында Жұманғарин мұндай өзгерістер енгізілген жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілген соң оның нәтиже айқын сезілетінін баса айтады.
"Жылына қосымша 4-5 трлн теңге салық түсімдері. Ұлттық қорға тәуелділіктің төмендеуі. Бюджет өзін-өзі қамтамасыз етеді. Иә, өзгерістер инфляцияға әсер етуі мүмкін, бірақ бұл әсер уақытша құбылыс және бір жыл ішінде күтіледі. Біздің есептеулеріміз бойынша қосымша инфляция 2,5-3%-ды құрайды. Біздің бірлескен жұмысымыз елдің дамуы үшін қаржылық негізді қамтамасыз ететін және халықтың кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыратын жаңа әділ салық жүйесін құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін", деп сөзін қорытындылады Мәжілісте вице-премьер.
Осылайша Үкімет кері шегініс жасап, отандық өндіріске қолдау білдірді.
Айта кетсек, бұған дейін Үкімет ҚҚС мөлшерін 20%-ға арттырып, ал осы салық түріне байланысты тіркеудің шекті көлемін 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынған болатын. Сонда ҚҚС мөлшері қазіргі 12%-дан 20%-ға емес 16%-ға өсіріліп, ал ҚҚС-қа байланысты шекті көлем (қазіргісі - 20 000 АЕК, яғни 78 млн 640 мың теңге) 15 млн емес, 40 млн теңгеге дейін төмендетілуі мүмкін.
Сіздің реакцияңыз қандай?






