Колумбия жағалауында суға кеткен қайықта көз жұмған Қазақстан азаматының аты-жөні белгілі болды

Қабидолла Қалидің қаза болғанын Байхан Жапақ Колумбияның көші-қон орталығынан естіген.

Шілде 19, 2024 - 10:52
Шілде 19, 2024 - 10:52
Колумбия жағалауында суға кеткен қайықта көз жұмған Қазақстан азаматының аты-жөні белгілі болды

9 шілдеге қараған түні Колумбия жағалауында суға батқан қайықта Қабидолла Қали есімді Қазақстан азаматы көз жұмды. Бұл туралы Азаттық радиосына сол қайықта болған тағы бір қазақстандық Байхан Жапақ айтқан.

АҚШ-қа баруды көздеген бес қазақстандық (үш ересек, екі бала) өзге мигранттармен бірге Колумбияның Сан-Андрес аралынан Никарагуаның Корн аралына қайықпен шыққанда толқын көтеріліп, қайық аударылған. Байхан Жапақ пен оның отбасын: әйелі мен екі баласын және өзге мигранттарды Колумбияның жағалау күзеті құтқарған.

Осы сапарда бірнеше адам опат болған. Соның бірі қазақстандық Қабидолла Қали деп айтылады.

Қабидолла Қалидің қаза болғанын Байхан Жапақ Колумбияның көші-қон орталығында естіген.

"[Көші-қон орталығына] ол кісінің сүйегін алып кетейін, бірге келдік дедім. Бұлай болмайды, туған-туысы, саусақ ізі я елшіліктен хат жіберу керек деді. Кейін Қабекеңнің туыстарымен байланысқа шықтық" деді Байхан Жапақ.

Құтқарылғандар арасында Колумбия, Эквадор, Иран, Никарагуа, Венесуэла азаматтары болған.

"Иран азаматын құтқарғанда "Қабекеңді көрдім, ақ матамен жапты" деген. Екеуін бірге тапқан, Иран азаматын 11 сағаттан кейін құтқарған" деді Байхан Жапақ Азаттыққа. Оның сөзінше, Қабидолла Қалидің АҚШ-та таныстары болған.

Қалидің қаза болғаны туралы ақпарат 10 шілдеде телеграм-арналарда тарады. Азаттық редакциясына да осы туралы ақпарат түсті. 11 шілдеде Тұрсын Кеш деген алыс туысы Азаттыққа Қалидің қазасы жөнінде естігенін айтты.

Азаттық сөйлескен Қытай қазағының тағы бір туысы пікір бере алмайтынын айтып, жағдайды сыртқы істер министрлігі анықтап жатыр деді. Қазақстан СІМ өкілі Азаттыққа "бұл жағдай бойынша бізде ресми ақпарат жоқ" деп жауап берді.

Байхан Жапақтың сөзінше, АҚШ-қа бармақ болған оларды Алматыдан Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласына жеткенде Никарагуа астанасы Манагуаға ұшаққа өткізбей қойған. Кейін Колумбияның Сан-Андрес аралынан қайықпен шығуға бекінген.

Ақпаратқа қарағанда, 46 жастағы Қабидолла Қали Қазақстанға Қытайдан көшіп келген. Алматыда аспаз болып істеген ол Жапақпен желідегі чатта танысып, 16 маусымда Қазақстаннан бірге шыққан. Жапақтың сөзінше, Қабидолла Қалидің әйелі, бала-шағасы болмаған, туыстарының көбі Қытайда тұрады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow