Музей қызметкерлері ЮНЕСКО-ның тағылымдамасынан өтті

Семинарға елдің түрлі аймағынан келген 30-дан астам қатысушы жиналды.

Қыркүйек 26, 2025 - 15:49
Қыркүйек 26, 2025 - 16:34
Музей қызметкерлері ЮНЕСКО-ның тағылымдамасынан өтті

2025 жылғы 23-26 қыркүйек аралығында ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны сақтау жөніндегі 2003 жылғы Конвенциясын жүзеге асыруға арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды.

Семинарға елдің түрлі аймағынан келген 30-дан астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында елдегі әкімдіктерге қарасты мәдениет басқармаларының, ұлттық, өңірлік музейлердің және академиялық қауымдастықтың өкілдері бар.

Қатысушыларға ЮНЕСКО-ның халықаралық фасилитаторы Цолмон Цэрендорж, Азия-Тынық мұхиты өңірлік тізілімі бойынша ЮНЕСКО кіші комитетінің мүшесі, Қырғыз Республикасы Ала-Тоо халықаралық университетінің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Айжарқын Қожабекова, 2003 жылғы Конвенция жөніндегі халықаралық фасилитатор,  ЮНЕСКО-ның 2-санаттағы орталықтарымен бірлесіп жобалар жүзеге асыруға маманданған отандық тренер Сания Баженеева уоркшоп өткізіп, өзара тәжірибе алмасты.

Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстанның Ұлттық тізіміне енгізілген материалдық емес мәдени мұраны құжаттау тәсілдерін үйреніп, шетелдік тәжірибені зерделеді, сондай-ақ ЮНЕСКО Конвенциясы аясындағы соңғы үрдістерді талқылап, жаңа әдістемелерді меңгерді.

Семинарға қатысқан М.Тынышбаев атындағы ALT университетінің оқытушысы, антрополог Манат Қанағатұлының айтуынша, іс-шара теориялық жағынан ғана емес, тәжірибе тұрғысынан да пайдалы болды.

«Бұл семинарда  тренерлердің материалдық емес мәдени мұраның әралуандылығын ерекше көрсете білгендігін атап өткім келеді. Олар әр аймақтың рухани мәдениетіне тән ерекшеліктерге назар аударып, мұраларды бірдей деңгейде сақтау мен құжаттау ісінің маңызын екшеді.  Осы орайда, рухани мәдениетті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп жүрген мамандар жұмысының халықаралық деңгейде насихатталуы әр елдің мәдени саясатының сапалы жүргізіліп жатқанын айқындайтынын да айта кеткен жөн».

3 күндік оқу бағдарламасы «МЕММ-ны қорғау жөніндегі халықаралық саясатқа кіріспе», «2003 жылғы Конвенция: сақтау шаралары, саясаты және институттар», «Қоғамдастыққа негізделген инвентаризация (түгендеу жүйесінің негізін әзірлеу)» және басқа да өзекті тақырыптарды қамтыды.

ЮНЕСКО-ның халықаралық фасилитаторы Цолмон Цэрендорж семинарда тақырыптар жан-жақты ашылып, құнды білім берілді деп бағалады.

 «Семинар басталар алдында қатысушылар қоғамдастықтардың материалдық емес мәдени мұраға қосатын үлесі туралы нақты жауап бере алмаған еді. Ал семинар аяқталған соң олар қоғамдастықпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде құжаттаманың сапалы болатынына  көз жеткізді»,- деді спикер. 

Айта кетейік, іс-шараның мақсаты – мәдениет саласындағы мамандар мен сарапшылардың материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) сақтау жөніндегі жобаны жүзеге асыру, құжаттау және түгендеу жөніндегі білімін жетілдіру және кәсіби қызметіне қажет практикалық машықтарды үйрету.

Семинар осы саладағы жұмысты жүйелеуге және оны сәтті жүзеге асыруға арналған маңызды қадам болды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, алдағы бірлескен жобаларын сарапқа салып, кәсіби ортадағы ынтымақтастықты кеңейтті.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow