«Онсыз да елден кеткелі жүрген Тұрсыновты «сыйғызбады...» деп жалған саясат тудырудың қажеті жоқ» - журналист

Мамыр 19, 2025 - 15:41
Мамыр 19, 2025 - 16:21
«Онсыз да елден кеткелі жүрген Тұрсыновты «сыйғызбады...» деп жалған саясат тудырудың қажеті жоқ» - журналист

Кешеден бері әлеуметтік желі беті режиссер Ермек Тұрсыновтың елден кеткенін сөз етіп жатыр. Көбі Тұрсыновтың кетісінен саяси астар іздеп әлек болуда. Себебі, режисер өз жазбасында «мені елден кетіріп тынды...» дегенге келтірген, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.

Дегенмен, бұл оқиғадан саяси астар іздеудің қажеті жоқ деп жатқандар да баршылық. Олардың сөзіне сенсек, Тұрсынов мырза қазіргі билікпен онша сыйыса алмаған. Себебі, мемлекеттік тапсырыс деген дүниеге бақылау күшейіп, бұрынғыдай кім көрінген уыстап қарпып қалудың жолы кесіле бастаған. Тұрсынов та қыруар қаржыдан үлес алмаған. Журналист Ораз Әлімбектің жазуынша, режисер осыған ренжіген. Сондай-ақ ол Ермектің бала-шағысының барлығы көп жылдан бері шетелде тұратынын, онсыз да түбі елден кететін адам екенін айттады. 

Әрі қарай автордың жазбасына назар аударсақ: 

Ермек менің досым, бірақ шындық одан қымбат
Режиссер Ермек Тұрсынов неге шетел асып кетті?

Ермек Тұрсыновтың Қазақстанды талақ қылып шетелге кетуі бірінші емес. 90-жылдардың ортасында Тұрсынов «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бастығы болды. Ол кезде салалық министр Алтынбек Сәрсенбаев тұғын. Телеарнаға жарнама берушілерден түскен қаржыны жымқыруға байланасты дау шықты. Қаржы полициясы Ермек Тұрсыновтың қолына кабинетінде кісен салып, оны ұзын дәлізбен жетектеп алып кетті. Сонда телеарна қызметкерлері «бұ не сұмдық» дегендей аңтарылып қарап тұрған еді... Кейін Е.Тұрсынов министр А.Сәрсенбаевпен келісімге келді ме, ол жағы түсініксіз, абақтыда көп отырған жоқ. Абақтыдан шыға сала Е.Тұрсынов министрге ренжіді ме, әлде түгел қазақ еліне ренжіді ме, әйтеуір бұл жерді желкемнің шұқыры көрсін дегендей шетелге кетіп қалған. Дегенмен, ол кезде «эх, қазақ руханиятының бір қапталы қисайып қалды», «Ермексіз қазақ киносының, өнердің көсегесі қайтіп көгереді?!.» деген бүгінгі ойбайды естімедік.

Ермек Тұрсынов біраз жылдан кейін елге оралды. Ол 31-телеарнаны басқарғанда мен соның қол астында бір медиа-жобаны жүзеге асырдым. Телеарна қожайыны олигарх Б.Өтемұратов Е.Тұрсыновты қаржы мәселесіне араластырмады. Кейін ол киноға ден қойды. Е.Тұрсыновтың бас режиссерлігімен түсірілген «Келін» фильмін ғана өнер туындысы деп айтуға болады. «Шал», «Кемпір», «Кенже», «Жат» айдалаға лағып кетті, «Қазақфильмнен» ақша сору үшін жасалған жоба сияқты. Әрине, «Келінде» қырғыз режиссері Марат Сарулуның еңбегі ерен. «Келіннің» діңгегін ұстап тұрған сюжет оқиғасын айтып берген де сол. Сарулудан басқа бұл фильмге қырғыздың мықты суретшісі де қатысқан. Сондықтан фильм күшті болды. "Оскарға" жол тартты. Дегенмен, қырғыздар Ермекке өкпеледі. Олар «Келінге» соавтор болмақ түгілі, Ермек оларға аз гонорар бере салды ғой... Әйтеуір, «Келінде» де ақша мәселесі өнердің алдына шығып кетті.

Ермек Тұрсынов пен полицияның экс-тергеушісі Құрманбек Артықбаев бірлесіп «Семь майских дней» аты детектив фильм түсірген. Бұл кино 2001 жылы Мухлисов бандасының БТА банкті тонауы және ұсталуы жөнінде. Фильм экс-тергеуші Қ.Артықбаев «Қорғас» кеден бекетін басқарып тұрғанда басталды. Көп ақша құйылған фильм түсіріліп бола бергенде Қ.Артықбаев кедендегі коррупция ісімен қамауға алынды да, фильмнің тұсаукесері өтпей қалды. Қарап отырсам, мұнда да сол баяғы көп ақшаның мүңкіген иісі шықты.

Жалпы, Мәдениет министрлігін Арыстанбек Мұхамедиұлы басқарып тұрғанда ғана Ермек Тұрсыновтың көңілі жай болған сияқты. Киношылар қауымы Ермек пен Арыстанбек тығыз қарым-қатынаста болғанын айтады. Дегенмен, бәріміз білетіндей, Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі көлемдегі жемқорлық бойынша сотталып кетті ғой. Ал Ермек Тұрсынов «далада» қалып қойды...

Соңғы жылдары мәдениет саласын басқарған министрлер Е.Тұрсыновқа қырын қарай бастады. Кино түсіру үшін «Қазақфильмге» бөлінетін қыруар қаржыдан үлес алмағанына – мемтапсырыспен кино түсіре алмағанына Е.Тұрсынов ызалы сияқты. Бұл оның БАҚ-қа берген сұхбаттарынан қатты байқалады.

Енді Ермектің тағы да шетелге кетуіне қатысты бір-екі сөз қосып жіберейін. Ермектің әйелі қазақ емес. Бала-шағасы бұрын да шетелде көп жүретін. Өзі – елде. Кейде мен Ермекті Қазақстанға келіп вахталық әдіспен жұмыс істеп жүрген адамға ұқсататынмын. Біраз бұрын Ермектің бала-шағасы соңғы он жылда Испанияда тұрады деп естідім. Дұрыс, отағасы ретінде Ермек те солармен бірге тұрам деп шешсе керек. Адамға тумаластан жақын жоқ. Жазушы Мұхтар Мағауин де қартайған шағында сүйікті ұлы Едігенің қолында тұрам деп шетелге кетті, алыстағы Американың топырағы бұйырды... Мұның бәрі адам өмірі, адам тағдыры
Бұл жерде «Қазақстанға сиғызбады...» деп жалған саясат тудырудың қажеті жоқ-ау.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow