Оралда бұралқы иттер кішкентай баланы талап тастаған
Оралда бір топ бұралқы ит бес жасар баланы талап тастаған. Бұл туралы Sadaq.kz сайты “Мой Город” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үйінің ауласында ойнап жүрген бес жасар балаға бір топ бұралқы ит шабуылдаған. Қансыраған баланы иттердің аузынан көрші әрең құтқарып алған.
"Менің бес жасар ұлымның денесінде сау жер қалмады. Иттер оның санын тістелеп, арқасын жыртып, қолдары мен саусақтарын да жарақаттаған. Бүкіл денесі жараға толы. Бақытымызға орай, сол сәтте айқайлаған дыбысты көршіміз естіп қалған. Ол ұлымды иттерден ажыратып алып, бізге әкелді. Біз бірден ауруханаға жүгірдік. Ұлыма сегіз тігіс салынды, қажетті екпелер жасалды, – дейді баланың анасы Назгүл Сандыбаева.
Қазір бала дәрігерлердің бақылауында. Анасының айтуынша, дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр, алғашқы тәулікпен салыстырғанда баланың жағдайы сәл жақсарған.
Баланың анасы бейбіт заманда балалардың өз аулаларында, ойын алаңдарында қауіпсіз ойнай алмауына алаңдайды. Ол әкімдік пен жауапты мекемелерден қаңғыбас иттер мәселесін шұғыл шешуді талап етіп отыр.
"Мен мұны хайп үшін жазып отырған жоқпын. Басқа ата-аналардың да мұндай қорқынышты жағдайға тап болғанын қаламаймын. Бес жасар балаға бірден жеті иттің шабуыл жасауы ақылға сыймайды. Бұл бірінші жағдай емес. Әкімдік әрекетке көшуі үшін қанша бала зардап шегуі керек? Балалардың қауіпсіздігі бәрінен жоғары болуы керек емес пе?", – деді зардап шеккен баланың анасы.
Орал қаласының әкімдігінде бұралқы жануарларды аулау, стерилизациялау, вакцинациялау, сәйкестендіру және уақытша ұстау жұмыстары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Сәуір айынан бері қала аумағында 283 бұралқы жануар ауланған. Олардың 205-і стерилизациядан, вакцинациядан және сәйкестендіруден кейін табиғи ортаға қайта жіберілген. Тағы 78 бұрын сәйкестендірілген жануар қайта вакцинациядан өткен және олар да мекен ету ортасына қайтарылған.
"Бұралқы жануарларды аулау адамға және жануарларға зиян келтірмейтін гумандық әдістермен жүзеге асырылады. Жұмыстар жануарлар жиналатын орындарды мониторингтеу және тұрғындардың өтініштері негізінде жүргізіледі", – деп атап өтті әкімдікте.
Сонымен бірге әкімдік қала тұрғындарын үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін сақтауға, оларды бақылаусыз көшеге жібермеуге шақырады. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің деректеріне сәйкес, сәуір айында ит тістеуінің бес жағдайы тіркелген. Азаматтардың өтініші бойынша екі жануар карантинге орналастырылған. Әкімдікте бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0