Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов әлеуметтік желіде интим тақырыбына қатысты контенттің көбеюіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.
«Мұсылман адам бір нәрсені жеткізген кезде дұрыс жолын таңдау керек. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта орамал таққан, тақия киген әртүрлі коучтар ұятқа жетелейтін контент жариялап жүр. Экранның алдында отырып алып, әртүрлі сөздерді қолдану, іс-әрекетпен көрсету – арсыздыққа алып баратын қылықтар,» – дейді Ерболат имам.
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде дін мен интим тақырыбын қатар талқылайтын блогерлер көбейгені байқалады. Көп жағдайда олардың негізгі месседжі – отбасын сақтаудың кілті интимдік қарым-қатынаста дегенге саяды. Мұндай контент миллиондаған қаралым жинап, жүздеген мың жазылушы жинап үлгерген.