Полиция Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған атыс қаруын тапты
Алматы облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасы мен жедел тергеу тобы және прокуратураның сотқа дейінгі тергеу басқармасы Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған атыс қаруын тапты, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Алматы облысы ПД мәліметінше, Алматы қаласы аумағында жүргізілген жедел ақпаратты тексеру барысында Үлкен Алматы каналы көпірінің астындағы бос тұрған бөлмеден 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық табылған «жасырын қойма» анықталған.
Тексеру нәтижесінде оның 2022 жылғы Алматы қаласындағы «Қаңтар оқиғалары» кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған қарулардың қатарында екені белгілі болды. Бұл қару Алматыдағы Сейфуллин көшесіндегі "Оружейник" дүкенінен жоғалған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта полиция мен прокуратура қызметкерлері қаруды жасыруға қатысы бар тұлғаларды және өзге де мән-жайларды анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Сіздің реакцияңыз қандай?