«Росатомды таңдамасаңдар...» Ресейлік БАҚ-тар сес көрсете бастады
Қазақстан америкалық Westinghouse компаниясын таңдаса, алдағы уақытта елеулі саяси қиындықтарға тап болады, Ресей мұны жақсы қабылдамайды.
Қазақстанда АЭС бойынша жалпыұлттық референдумның түпкілікті нәтижесі шықпай жатып Ресей медиасы Қазақстанға АЭС-ті Росатом салады деген ақпарат таратып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
РЕСЕЙЛІК МЕДИАДАҒЫ МАТЕРИАЛ
Мәселен, Absatz.media деп аталатын ресурс “Эксперт: Қазақстан АЭС құрылысына мердігер ретінде Росатомды таңдайды” деген материал шығарған.
Эксперт деп отырғаны Жаңа қоғам институтының директоры, саясаттанушы делінген Василий Колташов есімді адам.
Оның сөзінше, Росатом пайдасына жасалған таңдау Қазақстанға Батысқа тәуелді болмауға, арзан энергия алуға мүмкіндік береді.
Ол Қазақстан америкалық Westinghouse компаниясын таңдаса, алдағы уақытта елеулі саяси қиындықтарға тап болады, Ресей мұны жақсы қабылдамайды деп санайды.
“Қазақстан ірі уран қоры бар мемлекет, елге америкалықтардың немесе француздардың кіруі, елдің тыныш экономикалық дамуы мен көрші елдермен, бірінші кезекте Ресей және Қытаймен қажетті экономикалық интеграция жасауы мүмкін болмай қалады. Ерте ме, кеш пе, бәрі өткір сыртқы саяси конфликтке ұласады” дейді Колташов.
Басылым материалының соңына Росатом корпорациясының директоры Алексей Лихачевтың “егер Украина қарулы күштері Курс АЭС-індегі реакторға соққы жасаса, Чернобыльдегі апат түк болмай қалады” деп айтқан сөзін келтірген. Бұл сөзді дәл осы контекске неге қыстырғанын түсіну қиын. “Росатомға салдырмасаңдар, Чернобыльден де алапат апатқа тап боласыңдар” деген қоқан-лоқы ма түсініксіз.
ҮКІМЕТ ШОРТ-ЛИСІ
Үкімет АЭС салу мәселесінде 4 ел – Корея, Ресей, Қытай, Франция елдерінің технологияларын зерделеп жатқанын хабарлаған.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Референдумда дауыс берген кезінде ел президенті "АЭС-ті қай ел салады" деген сұраққа үкімет мәселе бойынша нақты талдау жасап, келіссөздер жүргізу керек екенін атап өткен.
Үкімет сараптама жасап, тиісті келіссөздер жүргізуі қажет. Менің жеке пікірім бойынша, Қазақстанда ең озық технологияларды қолданатын әлемдік деңгейдегі компанияларды біріктіретін халықаралық консалтингтік топ жұмыс істеуі керек, – деген Тоқаев.
Сіздің реакцияңыз қандай?